«Қазақстанның Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларға жетті». Мұны Қытайға ресми сапары аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Демек, Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаңның үлесі 40 пайыздан асады деген сөз. Президент сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты бірнеше бағыт бойынша Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы қарым-қатынастарды жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын.
Ал, Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті.
Ма Синжуй, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы:
Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз.
Данияр Қайыртай