Президент «Бір белдеу, бір жол» форумының ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Бір белдеу, бір жол» форумының ашылуына қатысты

18.10.2023

«Транскаспий дәлізі Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады». Бұл туралы форумының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Әрі «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол салынатынын аңдатты. Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пункті салынатынын, әрі «Бақты» және «Қалжат» атты жаңа құрғақ порттардың құрылысы жүретінін айтты. Қазақстанның осындай экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын атап өтті. Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдарының айрықша рөліне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кеше Қазақстан мен Қытай тарапы Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойды. Жуық арада нәтижесін көретінімізге сенімдімін. Біз кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға да мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әуе компаниялары үшін сенімді әрі ыңғайлы айлақ болуға дайын.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу