Жасанды интеллект: Мүмкіндігі мен қаупі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасанды интеллект: Мүмкіндігі мен қаупі қандай?

15.10.2023

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жаңа технологияларды қолданудың қаншалықты маңызды екені жиі айтылады. Әсіресе су тапшылығы сезілген сайын... Жалпы, жасанды интеллект технологиясы әр салаға еніп, өзгеріс әкеле бастады. Соңғы уақытта оның мүмкіндігі мен қаупі де көп талқыланып жүр. Осы аптада Астанада өткен «Digital Bridge» шарасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге тоқталды. Бұрын фантастикалық шығармаларда ғана кездесетін дүниелер қазір өмір ақиқатына айналды. Оны елемегендер көш соңында қалып қоюы мүмкін. Президенттің пікірінше, кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллект технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.

Сарапшылардың бағалауынша, оның үлесі дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірін құрауы мүмкін. Сондықтан да Қазақстан бұл бағытты мықтап қолға алып, жасанды ақыл-ойды дамытуға барынша жағдай жасамақ. Стратегиялық құжат қабылданып, ұлттық жасанды интеллект платформасы әзірленеді. Ал әлемдік компанияларды Қазақстанға тарту үшін цифрлық әлемге қажет инфрақұрылым дайындалады. Дата-орталықтар салынады. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тарту көзделіп отыр. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында уағдаластық жасалды. Енді оны іске асыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану.

Дегенмен, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақтар көп. Бұған қатысты «Апта»-ның өткен шығарылымдарының бірінде материал берген едік. Қауіпсіздік мәселесін де ұмытпау керек. 

Жасанды интеллект дамып, тіршілігімізді жеңілдету үшін түрлі қосымшалар көбейген сайын жеке мәліметтердің тарап кетуі сияқты салдары бар. Бұл туралы да өткен аптада материал болды. Ал президент бұл тұрғыда атом бомбасы және энергиясымен параллель жасады. 

Яғни, ұжымдық қауіпсіздік мәселесі әрдайым бақылауда болуы керек екенін ескертті. Расымен, адамзат игілігі үшін деп ғалымдар зерттеп, «дүниеге келген» атомның бейбітшілік мақсатқа ғана қолданылмайтыны – тарих парақтарында. 

Тағы бір маңызды мәселе: бұл жұмыс орны. Яғни, таяу арада жасанды ақыл-ой 300 млн адамды нәпақасыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан да жаңа дағдыларды мектептен бастап үйрету қажет. Бұл білім бағдарламасына да өзгерістер енеді деген сөз. 

Жаңа технологияны жүзеге асыру үшін жылдам интернет қажет. Осыған байланысты Президент 5G желісін уақытынан бұрын іске қосуды тапсырды. Яғни, 2027 жылы емес, 2025 жылы барлық облыс орталығы ұялы байланыстың жаңа буынына қосылуы қажет. 

Министр Бағдат Мусин бұл жұмысқа әйгілі Илон Масктың SpaceX компаниясы көмектесетінін айтты. Жарты жылдың ішінде Қазақстандағы 2 мың мектеп Starlink жүйесі арқылы жылдам ғаламторға қосылады деп отыр. 

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу