Қонаев қаласында «Шебер-Фест» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласында «Шебер-Фест» фестивалі өтті

14.10.2023

Түрлі зергерлік әшекей бұйымдар мен ерекше нақыштағы ұлттық киімдер, байырғы музыкалық аспаптар мен көз тартар картиналар. Қазақстанның 7 өңірі мен 3 ірі қаласынан келген 40-тан астам шебер Қонаевта өткен «Шебер-Фест» фестиваліне қатысып, өздері жасаған өнер туындыларын көрмеген қойды. 2000-нан астам халық жиналған шарада темірді балқытудың байырғы тәсілі де көрсетілді. Мерекелік шара жайлы тілшіміз тарқатып айтады.

Абдулла Наурызбаев - темір шебері. Ол металды балқытып, түрлі бұйымдар жасайды. Қайда барса да салмағы 300 келіден асатын мына жылжымалы пешін алып жүреді. Мақсаты, ұмыт болып бара жатқан темір өңдеу тәсілін қайта жаңғырту.

Абдулла Наурызбаев, шебер:

Баяғыда ата-бабаларымыз қалай жасады? Қыздырып тұрып, отқа ұрған... Ұсталар әскермен бірге жүрген. Мысалы садақты аттың кетті ол. Жасап беріп отырған да. Сол баяғы тәсілмен істеген өзіме ұнайды.

Мұндайды күнде көре бермейсің. Сондықтан жиналған халық Абдулла ұстаның жұмысына таңдана қарағандай болды. Қонаевтың орталық алаңына 42 шебер жиналған. Олар зергерлік әшекей бұйымдар мен ерекше нақыштағы ұлттық киімдер, байырғы музыкалық аспаптар мен көз тартар картиналарды келушілер назарына ұсынды.

Данияр Әлиев, Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Сақтан қалған салтымыз, ғұннан қалған ғұрпымыз бар демекші, осы әдет-ғұрпымыз ғой біздің ұлттық кодымыз. Таңнан кешке дейін осы дәстүрімізді, ән-биімізді, шеберлеріміздің жұмысын насихаттау мақсатында өтіп жатқан игі шара.

Бұл Қонаевта өтіп отырған ұлттық құндылықтарымызды наисхаттауға арналған алғашқы ауқымды шара. Фетивальге қала тұрғындарынан бөлек, алыс-жақыннан келген 2 мыңға жуық адам қатысты.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу