Нью-Йоркте өткен Орта Азия және және АҚШ саммиті аймақ елдері арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беруі тиіс. Америкалық сарапшылар осындай пікірде. Бұл өңірдегі қауіпсіздікті нығайтумен қатар, экономикалық байланыстарды тереңдету бағытында нақты қадамдар жасауға жол ашпақ.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы диалогты тереңдетуді көздейтін С5+1 форматы Қазақстан ұсынысымен 2015 жылы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қабылданған еді. Енді арада сегіз жыл өткенде дәл осы қалада алты елдің басшылары алғаш рет бас қоспақ. Ақ үй басшысының Орта Азия мемлекеттерінің президенттеріне шақырту жіберіп, жоғары деңгейде саммит ұйымдастыруға ұсыныс тастауы – алпауыт ел үшін аймақтың маңызы арта түскенін көрсетеді, дейді Вашингтондағы Орталық Азия институтының негізін қалаушы Стивен Старр.
Фредерик Старр, Вашингтондағы Орталық Азия институтының негізін салушы:
Бұл Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігін нығайта түседі. Мен осы жолғы мемлекет басшылары мен президент Байденнің кездесуі алдағы уақытта да тұрақты болады деп үміттенемін. С5+1 форматында министрлер ғана емес, президенттер деңгейінде кездесіп тұрғаны абзал. Мысалы жылына кемі бір рет. Арнайы штаб пәтер құрып, формат аясында бекіген бірлескен жобалардың жүзеге асун қадағалау керек.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
«С5+1» форумын құрудағы негізгі мақсат – АҚШ пен Орта Азия елдері, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы жан-жақты байланысты жандандыру. Сегіз жылда энергетика, қоршаған орта және қауіпсіздік саласында елеулі жобалар жүзеге асты. Алайда, сарапшылар қазіргі геосаяси жағдай шұғыл әрі батыл қадамдарды талап етеді, дейді. Ресей-Украина арасындағы қақтығыс, санкциялар соғысы, АҚШ пен Қытай шиеленісі аймаққа тікелей де жанама да әсер етіп жатыр. Мұндай сын қатерлерді еңсеру үшін аймақ елдері өзара байланысты арттыруы тиіс. Әсіресе, Қазақстан үшін транзиттік әлеуетті еселейтін мүмкіндік туып тұр, дейді Ариэль Коэн.
Ариэль Коэн, Атлантикалық сараптама кеңесінің аға қызметкері:
Абырой болғанда, ковид кезеңінен аман-есен өттік. Енді Қазақстан сыртқа сататын тауарларға сұраныс артып келеді, сондықтан экономикалық өсім де жаман болмайды деп үміттенемін. Дегенмен, қазір геосаяси тепе-теңдік қалыпты емес екенін айтуымыз керек.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Былтыр С5+1 форматы аясында тараптар бірқатар өзекті мәселерді бірлесіп шешуге келіскен. Стивен Старр мемлекеттер басшылары деңгейіндегі кездесу сол уағдаластықтарды нақты жүзеге асыруға және өзара байланысты одан әрі тереңдетуге сеп боларына сенімді. Бұл сайып келгенде, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіүшін аса қажет.
Жалғас Сәдібекұлы