Оксфорд студенттері қазақ тілін үйренеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оксфорд студенттері қазақ тілін үйренеді

09.10.2023

Лейла Наджафзада қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Ол Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры. Бастама деп мұнда университет қаржыландыратын, бірақ академиялық білімге жатпайтын жобаларды айтады. Алдағы уақытта Лейла секілді студенттер мен оқытушылар да қазақ тілін оқымақ. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті.

Лейла Наджафзада, Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры:

Қазір біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тығыз байланыстар орнатып, қазақ тілін оқыту әдістемелерін меңгерудеміз. Оксфорд университеті қазақша үйрететін Ұлыбританиядағы алғашқы оқу орны болғалы тұр.

Ұлы дала елінің тілімен қатар, тарихы, бүгіні мен болашағы туралы білгісі келетін оксфордықтар көп. Оларға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі арнайы дәріс оқыды. Мағжан Ільясов Оксфорд Исламтану орталығында еліміздің маңызды тарихи кезеңдеріне тоқталып, жеткен жетістіктері туралы баяндап берді.

Фархад Ахмад Низами, Оксфорд исламтану орталығының директоры:

Елші бізге Қазақстанның өркениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы еске салды. Біздің орталық Қазақстанмен байланыстар орнатуға мүдделі.

Кездесу XVI-XIX ғасырларда еуропалық және америкалық зерттеушілер жасаған Қазақ мемлекеті карталарының көрмесіне ұласты. Оксфорд - дүниежүзіндегі ең көне, әрі рейтингісі ең жоғары университеттердің бірі. Әлемнің 140 мемлекетінен 26 мыңға жуық студент білім алады. Мұнда қазақ тілінен өзге 11 тіл оқытылады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу