Депутаттар діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті

04.10.2023

Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу керек. Бүгін Мәжілісте депутаттар қазақты діни негізде бөлшектеу басталды деп дабыл қақты. Жат ағымдарға қарсы күш біріктірмесе болмайды. Ол үшін әуелі тиісті заң керек деген бір топ депутат Үкіметке сауал жолдады. 

Асима Нұрбайқызы,тілші:

Дін туралы заң елімізде 12 жыл бұрын қабылданған. Бірақ, заңдық тұрғыда қатаң тыйым салу қарастырылмаған. Салдарынан жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, теріс уағыздар көбейген. Оны бақылау кем, талап жоқ, заң солқылдақ. Осылай деген бір топ депутат бүгін Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ешқандай қатаң тыйым салынбаған. Содан кейін ғой қазір ойларына келгенін істеп кетті. Шетелде күмәнді жерлерде оқып келеді де, желіге шығып, желпініп алып, біздің ұлттық бірлігімізге, ел бірлігіне, дәстүрімізге теріс уағыз айтып, теріс дәрістер оқиды. Мысалы, біздің ең аяулы ана деген атаумен қатар аталатын шеше деген атын не қылды кеше? Қара күйе жақты. Ел үшін ең қадірлі ұлтына, адам үшін ең аяулысы әке-шешесіне, қазаққа ең адал домбыраға қарсы харам пиғылдық әрекеттері еркін тарап жатқан, елдің түбіне жететін қауіпті вирустарын тоқтату үшін тек қана заң керек.
Депутат Қазыбек Иса жат ағымның өкілдері қоғамның көп саласында жүр деді. Ән әлемінде, айтыста, спортта, тіпті билікте бар екенін айтты. Олар ұлтты жою күресін қарқынмен жалғастырып келеді. Исламдық секта елдің біраз аймағында етек жайып барады деген Ермұрат Бәпи қауіпті аймақтарды атады.Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірлерінде базар саудасы төңірегін уахабшылар-салафизм идеясына табынушылар басып барады деген ақпарды айтты. Сондықтан бұл қатерге шұғыл тосқауыл керек деп Үкіметке талап қойды.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің ұлттық қазақи негіздегі дәстүрімізге қарсы жағдайдың бәріне тыйым салатын болуы керек. Жаңағы орануы бар, домалануы бар, хиджабы бар, басқасы бар, барлығына тыйым салатындай заң керек бізге. Үкіметтен талап етеміз. Мынау дін туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Үкіметтен талап етеміз. Егер де Үкімет тарапынан ондай бастама жуық маңда болмайтын болса депутаттар бастамалық етейін деп отырмыз.
Ал депутат Аманжол Әлтай елімізде теріс ағымның жетегіне кетіп жатқандардың саны күн санап өсіп жатқанын мәлімдеді. Уахабизм мен жат ағымдарды насиахаттаушылардың тамырын түбірімен жоймаса дәстүрлі дінімізді жоғалтып алуымыз мүмкін дейді.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Мысалы, 3 жыл бұрынғы, 5 жыл бұрынғы статистиканы салыстырсаңыз, өте адам түршігетіндей, адам қорқатындай статистика. Сондықтан, ұлттық тұтастығымызды, Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бұл өте маңызды. Біз бұған кешенді түрде жан-жақты ел болып бірігіп, қадам жасамасақ бұның салдары, зардабы өте қиын. Өйткені, тәрбиелеп отырған ұлдарымыздан, қыздарымыздан айырылып қалып жатырмыз.
Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қоғамға төнген қауіппен күресте нақты алгоритм керек. Депутаттар Үкіметтен енді осы бағытта шұғыл әрекет күтіп отыр. Халықты аздыратын шабуылдарға заңмен тыйым салынуы тиіс. Ал жаңа заң аясында кімге, қандай тыйым салынатыны жан-жақты зерделенеді, деді депутаттар.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу