Анкарада болған жарылысқа қатысты Түркия президенті мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада болған жарылысқа қатысты Түркия президенті мәлімдеме жасады

02.10.2023

Түркия астанасы Анкара қаласында болған жарылысқа қатысты ел Президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасады. Ол бұл жарылысты террор ұйымының соңғы тұяқ серпуі деп бағалады. Түркия парламентінің екі жарым айлық каникулынан кейінгі ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президент жылдар бойы жүздеген адамның өмірін қиған және Түркияның дамуына әрдайым кедергі келтіріп келген терролық ұйымдардың жақында түбірімен жойылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Режеп Тайып Ердоған Түркияда немесе басқа елдерде жасырынып жүрген соңғы лаңкес қалғанша, олармен күресті тоқтатпаймыз деді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Террористік ұйымдар біздің саясатымызға ықпал етіп, еліміздің дамуына кедергі келтіре алмайды. Біз оған жол бермейміз. Қауіпсіздік күштерінің дер кезінде жасаған батыл қимылының арқасында өлім құшқан екі содырдың әрекеті – террористердің соңғы тұяқ серпуі. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қол сұққан қылмыскерлер дегендеріне жете алмады. Ешқашан жете алмайды да.

Түркияда полиция жарылыстан кейін рейд жүргізіп, 20 адамды тұтқындады. Олар күрд содырларымен байланыста деген күдікпен ұсталған. Айта кетсек, жексенбі күні шабуылшылар Анкарадағы ішкі істер министрлігіне бомба лақтырып, оқ атты. Олардың бірін қауіпсіздік күштері мерт қылса, екіншісі өзін-өзі жарып жіберіп қаза тапқан. Көп кешікпей бұл шабуылды күрдтермен байланыстағы қарулы топ өз мойына алды.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу