Ыстамбұлда 50 күнге ғана жететін ауыз су қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда 50 күнге ғана жететін ауыз су қалды

28.09.2023

Биыл жазда тек Қазақстан емес әлемнің көп бөлігінде аптап ыстық болғаны белгілі. Осының кесірінен бірқатар елдер су тапшылығын сезіп отыр. Олардың қатарында Түркия да бар. Анадолы еліндегі су қоймаларында су деңгейі күрт төмендеп, қалаларда ауыз суды қолдануға шектеулер қойыла бастады. Бауырлас елдегі шетін мәселе туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Айдос Әшімұлы, тілші:


 Биыл Түркияда соңғы 33 жылдағы ең құрғақ жаз. Сондықтан қаланы сумен қамтып отырған тоғандардың көбінде су деңгейі күрт төмендеп кеткен. Әсіресе қаланың Еуропа бөлігіндегі жағдай қиын. Мысалы біз тұрған Бүйікчекмеже су қоймасында 5 пайыз ғана су қалған. Мамандар мегаполисте 50 күнге ғана жететін су қалды дейді.

Әдетте қыркүйек айында жауын-шашыннан көз ашпайтын Түркияда күз басталғалы жаңбыр жаумады десе де болады. Мамандар алдағы қыста да өткен жылдармен салыстырғанда жауын анағұрлым аз болады деп болжап отыр. Су тапшылығынан құтылудың төте жолы суды үнемдеу. Мегаполис тұрғындары да тіршілік нәрінің түгесіліп бара жатқанын байқап жүргендерін айтады.

Орхан, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Су қоймаларында су аз қалғанын естідім. Содан кейін үйде суды барынша үнемдеуге тырысамыз. Балаларға да жиі ескертіп отырамын.

 Салих, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Адамдар дүниенің ағымын өзгертіп жіберді. Содан кейін осылай жаңбыр жаумайды. Алайда суды ешкім де үнемдемейді. Қазіргі адамдар судың да сұрауы бар екенін ұмытқан.

 Шевал, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Ыдыс жуғанда суды ағызып жібермей, жинап гүлдерімді суаруға пайдаланып жүрмін. Жақындарыма да суды ысырап етпеуді жиі айтам. Дегенмен көп адам оған құлақ салмайды.

Күн қатты ыстық болғандықтан булану процесі де жоғары. Ыстамбұлды сумен қамтып тұрған 10 тоғанда қазір 25 пайыз ғана су қалған. Тіршілік көзін үнемдеу үшін кей жерлерде көлік жуатын орындар мен бау-бақшаларға су уақытпен беріле бастады.

Туғба Өлмез Ханжы, Ыстамбұл қалалық ауыз су және кәріз сулары басқармасының басшысы:

Жауын-шашынның аздығынан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Қазір біз Ыстамбұлдың Азия жағындағЖауын-шашынның аздығынан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Қазір біз Ыстамбұлдың Азия жағындағы су қоймаларынан Еуропа бөлігіне су жеткізу жолдарын қарастырып жатырмыз. Себебі халық көп тұратын Еуропа жағында су тапшылығы анағұрлым жоғары.

Ресми санақ бойынша 16 млн халық тұрады делінген Ыстамбұлда бейресми дерек бойынша адам саны 20 млннан асып кеткен. Бұл да су қолдану деңгейіне әсер етіп отырған факторлардың бірі. Биыл жазда мегаполис халқы рекордтық мөлшерде, яғни бір күнде 3 млн 300 мың текше метр су қолданған. Егер жағдай осылай жалғаса берсе Ыстамбұлда ауыз су уақытпен беріле бастауы мүмкін.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу