Ақтауда әскери теңізшілерге заманауи катерлер берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда әскери теңізшілерге заманауи катерлер берілді

26.09.2023

Ақтауда әскери теңізшілер Каспий теңізінде кәсіби шеберліктерін пысықтады. Оқу-жаттығуға матростар мен офицерлер қатысып, «Орал» зымыранды артиллериялық кемесінің мүмкіндіктерін сынақтан өткізді. Теңіз арқылы сырттан келетін жауға тосқауыл болып келген әскери теңізшілердің дайындығы туралы Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Семей қаласының тумасы Айбек Сениязов бұрын соңды Каспийді көрмеген. Арман қуып, әке жолын таңдаған бозбала 1 жылдан бері теңізде кемеде өмір сүріп жатыр. Ол артиллерия бөлімінде әскери дайындықтан өтуде. Матрос су үстіндегі нысанды анықтап, кемеге төнген қауіптің алдын алады.

Айбек Сениязов, «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесінің матросы:

Менің теңізші болуым да кездейсоқтық емес. Туған әкем өзімнің морфлотта әскерде болған. Менің де содан қызығушылығым артып, теңізге деген құлшынысым болып, өзім де осы әскери теңіз күштерін таңдадым. Қазіргі таңда Каспий теңізінде өзім де теңізші болып жүрмін.

Әскерилер оқу жаттығуларға тыңғылықты әзірленеді. Өйткені мұндай шаралар кәсіби шеберлікті шыңдауға жақсы. Бүгін олар «Орал» зымыранды артиллериялық кемесіне әуеден төнген қауіпке төтеп беріп, диверсияға қарсы қорғанысты күшейтті. Ал әскери сүңгуірлер болса, екінші кемені лаңкестерден босату операциясына қатысты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Жаудың жаулап алу әдістері әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан әскери теңізшілер әуеден және судан келетін қауіпті жоюға машықтануда. Мысалы мына шарды қазір әуе нысаны ретінде жояды. Ол үшін оны калибрі 30 мм-лік артилериялық қондырғымен атады.

Каспийдің қауіпсіздігі, экономикалық тұрақтылық, халықтың тыныштығы - әскери теңіз күштеріне жүктелген басты міндет. Сондықтан ел басына күн туса, отанын қорғауға дайын тұратын жастарды тәрбиелеу маңызды. Бүгінде Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігінде 1 мыңнан астам адам қызмет етуде.

Жұмабек Хасенов, ҚР Қарулы күштерінің әскери теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары:

Облыстардан келіп жатқан жас сарбаздарымыз өздерінің міндеттерін жақсы орындауда. Тағы да мемлекеттік үлкен бір үлесі, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінде Әскери теңіз күштерінің факультеті құрылды. Енді өзіміздің осы қазақ жерінде әскери теңіз күштерінің офицерлерін дайындайтын боламыз.

Ақтау дивизионда қазір 12 ірі кеме бар. Жуырда олардың қатары жүйрік, брондалған, жаяу әскерлерді таситын катермен толықты. Алдағы уақытта тағы да сондай, заманауи талапқа сай, отандық зауыттан шыққан катерлер алынбақ.

Аягөз Оралбай


ақтау катер теңіз каспий

Хабарламаларға жазылу