Қостанайда тұрақтылық пен табыстылықты ұштастырған еңбек адамы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда тұрақтылық пен табыстылықты ұштастырған еңбек адамы тұрады

22.09.2023

Қостанайлық селекционер ғалым Владимир Чудинов 35 арпа және бидай тұқымы сортының авторы. Ол 1991 жылы еңбек жолын бастаған Қарабалық тәжірибе станциясында осы уақытқа дейін табан аудармай қызмет етіп келеді. 

Владимир Чудинов өзі шығарған тұқымның ерекшелігі мен селекция жұмыстары жайлы сағаттап әңгімелеуден жалықпайды. Жұмысын жан тәнімен жақсы көреді. Майлин ауданында дүниеге келген азаматқа ауыл тірлігі бала күнінен таныс. Отыз жылдан артық уақыт әр күнін зертхана мен егіс алқабының арасында өткізіп келеді.

Владимир Чудинов, селекционер ғалым:

Селекция дегеніміз үздіксіз процесс. Бір тұқымның түрін шығаруға дәстүрлі технологияға сәйкес 12 жыл уақыт керек. Заманауи технологияны қолданғанның өзінде кемі 9 жыл қажет. Себебі тұқым дайын болғаннан кейін алқапта, түрлі климаттық жағдайда сынақтан өтуі тиіс. Содан кейін ғана оны өны өндіріске енгізуге болады.

Қостанайлық ғалымның табысты жаңалығының бірі 2018 жылы өндіріске енгізілген «Айна» тұқымы. Оны қазір еліміздегі 5 облыстың диқандары егеді. Жалпы аумағы 1 млн гектардан асып жығылады. Бидайдың бұл түрі өнімінің молдығымен, жергілікті климатқа төзімділігімен ерекшеленеді.

Мұхтар Оджахвердиев, шаруа:

«Айна» биылғыдай жағдайда өзін жақсы жағынан көрсетті. Мысалы, қазір ылғалдың шектен тыс молдығынан бидайдың өзге түрі көктеп, жапырылып құлап, басындағы дәні шашылып қалып жатыр. Ал «Айнаның» сабағы серіппе тәрізді, жапырылмайды. Масағынан бір дәні түскен жоқ. Осылай әлі ұзақ тұратын түрі бар.

«Қарабалық тәжірибе станциясында» 300 адам еңбек етеді. Оның 50-і ғылыми қызметкер. Бір әттеген-айы облыс орталығынан 200 шақырым қашық ауылдағы мекемеде жас мамандар жоқтың қасы.

Дамир Қалдыбаев, «Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясының» басқарма басшысы:

Ауылда жақсы мектеп болса, парктер, спорт залы, хоккей корты болса. Жақсы жалақы, жайлы пәтермен қамтамасыз етсе, жастар келер еді.

Бұл үшін нақты нәтиже көрсетіп жатқан осындай ғылыми орталықтарға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Ал Владимир Чудинов сынды аға буын өкілдері өздерінің бай тәжірибесін жас мамандармен бөлісуге қашанда дайын. Шәкіртсіз – ұстаз тұл деген.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу