АҚШ Конгресіндегі республикашылдар көп ұзамай Джо Байденге қарсы ресми тергеуді бастайды. Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти тиісті комитетке тапсырма берді. Ақ үй басшысы қызмет бабын асыра пайдаланды, сыбайлас жемқорлыққа барды әрі сот төрелігіне кедергі келтірді деп айыпталып отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Өкілдер палатасының төрағасы президентке қатысты ресми импичмент жариялау үшін арнайы тергеу процесін бастауға рұқсат берді. Бұл республикашыл депутаттарға Байденнің айналасындағы кез келген адамды, ақ үй өкілдері мен үкімет мүшелерін шақырып алып, сұрақтың астына алуға және қажетті құжаттар мен айғақтарды сұратуға заңды өкілеттік береді. Маккарти президент өз отбасының мүддесі үшін қызметін асыра пайдаланғанын дәлелдейтін айғақтар барын айтады. «Тергеу арқылы Байденнің Америка халқына баласының шетелдік бизнес-келісімдері туралы өтірік айтқанын анықтадық», - деп отыр.
Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
Куәгерлер президенттің отбасы бизнесімен байланысты бірнеше телефон қоңырауларына қосылғанын және бірнеше өзара іс-қимыл жасағанын растады. Онымен болған кешкі астардан соң ұлдары мен ұлдарының іскер серіктестеріне автокөліктер мен миллиондаған долларлар түскенін көрдік. $20 млн жуық қаржы Байденнің отбасы мүшелері мен серіктестеріне түрлі шетелдік компаниялардан түскенін айғақтайтын банк жазбалары бар. АҚШ банктері Байден отбасының және басқа да бизнес-серіктестердің қатысы бар 150-ден астам транзакцияны күдікті аударымдар ретінде көрсеткен.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Жалпы республикашылдар биыл қаңтарда Өкілдер палатасында басымдыққа ие болған бойдан президентті тергеуге кірісіп кеткен еді. Яғни, тоғыз айдан бері ақ үй басшысының Барак Обама тұсында вице-президент болғаннан бергі қозғалысын сүзгіден өткізіп жатыр. Алайда, алдын ала тыңдаулар кезінде Джо Байденнің баласының бизнесі арқылы пайда тапқанын көрсететін нақты дәлелдер табылмады. «Сондықтан президентке импичмент жариялауға ұмтылудың саяси астары бар», - дейді Ақ үй басшының баспасөз хатшысы.
Карин Жан-Пьер, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
Бір жылға жуық ұзақ тергеу жүргізген республикашыл депутаттардың өздері ешқандай дәлел жоқ деп мәлімдеді. Сондықтан спикер Маккартидің бұл әрекеті саяси ұпай жинау ғана. Республикашылдарды негізсіз, дәлелсіз айыптауларға түспей, американдықтар үшін маңызды нақты мәселелерді іс жүзінде шешу үшін екі бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Сарапшылар да Кондрестегі республикашыл депутаттардың Байденге сенімсізкдік танытуға тырысып бағуы өш алуға көбірек ұқсайды дейді. Себебі, 2019 және 2021 жылдары демократтар өкілдер паласында көпшілік дауысқа ие уақытта президент Доналд Трампқа екі рет импичмент жариялаған. Дегенмен, сенімсіздік білдіру бағытындағы тергеу ұзақ саяси процестің алғашқы қадамы ғана. Себебі, Президентке импичмент жариялау керек пе, жоқ па деген мәселе Өкілдер палатасының күн тәрбітіне шығып дауысқа салынғанша бірнеше ай өтуі мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы