Мемлекет басшысының Америка құрама штаттарына жұмыс сапары жалғасып жатыр. Маңызды кездесулер мен мазмұнды келіссөздерді Нью-Йоркке арнайы барған тілшіміз Ақерке Бектас та бақылап жүр. Президент сапарларында көрсетіле бермейтін кадрлар келесі бейнематериалда.
Ақерке Бектас, тілші:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мына шағын бөлмелердің ішінде бірқатар мемлекеттің басшысымен кездесіп, келіссөз жүргізеді. БҰҰ Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитінде Қазақстан Президентінің төрағалығымен көшбасшылар диалогының бірінші сессиясы өткенін еске салайық.
Тараптарды бір ортаға жинаған ондаған шаршы алаң. Дүние жүзінің әр түкпірінен дипломаттар диалог орнату үшін арнайы келді. Әр минут санаулы. Кездесу кестесі тығыз. Штаб пәтердегі кез келген қызметкердің қимылы сол үшін де тым ширақ.
Ақерке Бектас, тілші:
Шағын бөлмелерде үлкен саясаттағы мәселелер сөзге арқау болып отыр. Бұл аумақ қазір мемлекеттердің мүддесі айтылып, дипломатиялық қатынасына жаңа дем беретін келіссөз алаңына айналды.
Кейбір келіссөздер аяқталып, келесі жүздесуге әзірлік жүріп жатқанда Мемлекет басшысы БҰҰ штаб пәтерінің ауласында серуендеді. Бұл ғимарат Қазақстан Президентіне жақсы таныс. Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарғаны белгілі. Президент бір сұхбатында «бұл – менің дипломатиялық жұмыс тәжірибемдегі елеулі сәттердің бірі» деп ерекше еске алған еді.
Мемлекет басшысы АҚШ сапарында инвесторлармен де келіссөз жүргізді. Соның бірі – Wabtec компаниясының басшысы. Қазақстанға 1 миллиард доллар инвестиция құюға дайын. Оларды, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағдары қызықтырып отыр. Бізге дәл осы сәтте Қазақстан Президентімен кездесуден шыққан Wabtec корпорациясының бас атқарушы директорыннан сұхбат алуға мүмкіндік туды.
Рафаэль Сантана, Wabtec компаниясының президенті – Бас атқарушы директоры:
Біздің мемлекеттердің қарым-қатынасы ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Әсіресе, Wabtec компаниясы Қазақстанның теміржол саласын жаңғыртуға бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі.
Біз үшін Орта дәліздің маңызы зор. Яғни Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды Транскаспий бағытын дамытуға компаниямыз инвестиция құяды. Соңғы жылдары дәл осы көлік бағдарына сұраныс көбейгенін біз де аңғарып отырмыз.
Қазақстан бұған дейін бірнеше интеграцияның құрылуына бастамашы болды. Мемлекеттің Орталық Азиядағы рөлін де Батыс жақсы біледі. Президент сапарындағы негізгі жиынның бірі – Орталық Азия және АҚШ саммиті. Бұрын әлем елдері алып державаларды Орталық Азиядағы талқыға қатысатын тараптар деп санайтын еді. Енді дүние жүзіндегі маңызды жиындар Орталық Азия елдерінің қатысуынсыз өтпейді. Халықаралық дипломатиядағы қызықты сәттер мен маңызды мәлімдемелерді сенбі «Ақорда» арнайы жобасында назарға ұсынамыз.