Қазақстандағы жол сапасы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы жол сапасы қандай?

17.09.2023

Жол саласы Қазақстанда қашаннан да актуалды. Әсіресе осы аптада БАҚ-та жиі талқыланды. Мысалы біреулер жолға бөлінген қаражатты жоқ қылған. «Қазавтожол» қызметкерлері осындай күдікке ілікті. Оқиға мекеменің Ақмола облыстық филиалында болған. «Есіл өзеніндегі көпірді жөндеуге» деп екі миллиардан астам қаражат жоспарланады.

Мердігер шотына екі жүз миллионы бірден аударылады. Қызығы компания таңдауда ешқандай конкурс өткізілмеген. Әрі тексеріс барысында мүлдем жұмыс басталмағаны анықталады. Көпірдің де жедел жөндеуді қажет етпейтіні белгілі болады. Филиалдың жауапты қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 189 бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Жолға бөлінген қаражатты ысырап қылған бұл жалғыз жағдай емес. Мысалы Жетісу облысында 3 миллиард теңгеге бағаланған 35 конкурс тоқтатылыпты. Себебі облыстық прокуротура мұнда да заңбұзушылықты анықтапты.

Ал мердігерлерді сөйлетсеңіз: «Жол құрылысына қажет материал қымбат» дейді. Битум жетпейді дегенді айтады. Бір жағынан бұл уәжбен де келісуге болатындай. Битум қажеттілігі биыл 1 миллион тоннадан асқан. Ал, Қазақстан соның жартысынан астамын ғана өзі өндірген. Қалғаны Ресейден.

Апта басында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жол тақырыбын Үкімет мүшелерін жинап талқылаған еді. «Қыс болса жақындап қалды. Сондықтан қыркүйекте құрылысты мейлінше жандандыру керек»,-деді Смайылов. Ал, салынған жолды күтіп ұстау бөлек әңгіме. Мысалы асфальтты езіп жіберетін ауыр жүк көліктерін шектеу. Негізі тас жолдағы ең ауыр салмақ 10-13 тоннадан аспауы керек. Бірақ, трассалардан 60 тонналық жүк көліктері емін-еркін жүріп өтеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Тұрғындардан жолға қатысты түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елдімекендер арасында жақсы жолдар қажет. Сондықтан, жолдың сапасына баса назар аударыңыздар. Жаңа асфальт көктемде қармен бірге еріп кетіп жүрмесін.

Осы отырыстың ертесіне іле-шала Көлік министрі Марат Қарабаев жолға шықты. Тура мағынасында. Алматыға жұмыс сапарымен барып, жөнделіп жатырған тас жолдарды қарады. Мердігерлерді жинады. «Сіздер жолдың бойында өмір сүрулеріңіз керек. Түптеп келгенде осымен нан тауып отырсыздар»,-деді министр.

Жалпы мұндай «қатаң» ескертулерге мердігердің де, бұқараның да еті үйреніп кеткендей. Себебі нәтиже жоқ. Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын жаһандық экономиканың жай-күйі туралы баяндамасын жариялайды.

Оның ішінде автомобиль жолдарының сапасы бойынша әлем елдерінің рейтингін жасайды. Үздік ондық мынадай... Тізім басында Сингапур, екінші Нидерланды, үштікті Швецария түйіндейді. Қазақстан 3.60 ұпаймен 86-91 орын аралығында. Еуропа елдерін былай қойғанда Уганда, Гвинея, Кения, Танзания секілді Африка елдері де Қазақстаннан жоғары.

Бұған дейін «Аптадан» жол саласындағы жемқорлық жайында айтқан едік. Оның механизімдерін атап көрсеттік. Бұл жолы Қазақстанның жол проблемасына жаңа қырынан үңілуге тырыстық. Әлем елдерінің тәжірибесін ала отырып шешімін де ұсынып көрдік. Елдос Есенболдың бейнематериалынан көріңіздер. 

Күзде түсіп, көктемде ериді. Жоқ, бұл қар емес. Қазақстандағы тас жолдар.

Абай облысының бірнеше ауданы тіпті осындай асфальттың өзіне зәру. «Омбы-Майқапшағай» жолының бітпей жатқанына 7 жыл.

Жол сапасы бойынша Қазақстанның антирейтингін Атырау облысы бастап тұр. Ал, ең сапалы жол Маңғыстау облысында. 

Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитенінің басқарма басшысы:

Он мыңнан астам шақырым жұмыста жол жөндеу, жол құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 6 мыңнан астам республикалық жолдарда, қалған 4 мың республикалық жолдарда. Биыл ағымдағы жылы 570 миллиардтан ақша қаралып отыр.

Қарапайым арифметика. 570 000 000 000 теңге. 10 000 шақырым жолды төсеу және жөндеу үшін. Демек шақырымына 57 000 000 теңге.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты:

Мемлекеттің үлкен қаражаттары салынатын жағдай болған кезде бұл жерде халықтың көз алдында болуы керек. Бұл бір 4-5 адамның ғана кабинетте отырып шешетін дүниесі болмауы керек.

«Жолдағы жемқорлықты тыюдың жалғыз амалы – ашықтық» дейді мамандар. Жақсы, ақша діттеген жерге жетті делік. Жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма? Бар гәп сонда. Нормативтік-техникалық құжаттардың 36-сы Кеңес Одағы кезінде қабылданған еен.

Әсел Нұғыманова, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ департамент директоры:

1217 нормативтік техникалық құжаттар бар. Олардык көбі ескі болып кеткен. Көбі бір-біріне ұқсас болып ұр.

Ұлан Әліп, жол сарапшысы:

Бізде мердігер жобаламайды. Мердігер құрылыс жасайды. Жобалайтын басқа компания. Жобада қате кетсе мердігер оны түзету өте қиын. Мердігер мысалы ол өзі жобалап, өзі құрылыс салып өзі әрі қарай оны бәленбай кемінде 10 жыл күтіп ұстайтын болса, міндетті түрде оны сапалы қылып келесі 10 жылда қаражат жұмсамаудың жолын қарастырады ғой.

Яғни, жауапкершілік бөлініп кеткен. Ауданның жолына аудан, облыстың жолына облыс жауапты. Тіпті, министрліктің өзі Автомобиль жолдары комитеті мен «Қазавтожол» болып екіге бөлінеді. Республикалық жолдар соңғысына қарайды. Жауаптылар бір-біріне сілтейді. Ал, жолдағы құрылысты бақылау негізі техникалық қадағалау ұйымдарының міндеті.

Қуаныш Төлеуханов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бөлім басшысы:

Сол техникалық қадағалау ұйымдары күнделікті жасалып жатқан жұмыстарды тексеру тиіс. Қазіргі уақытта біздің жүргізген статистика бойынша кейбір технадзор ұйымдары 18 объектіге дейін тіркелген фактілер бар. 18 обьектіде бір уақытта болу мүмкін емес.

Сондықтан жыл басынан бері осындай 80-ге жуық компания аттестаттан айрылған. Бірақ, оның өзінде түпкілікті емес. 4 айдан 3 жылға дейін. Жалпы сомасы 132 миллион теңге айыппұл салынған. Қадағалау болмаған соң...

Қуаныш Төлеуханов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бөлім басшысы:

Осы айға дейін қазіргі уақытта республикалық маңызы бар жолдар мен жол желілерінен 25 мыңға жуық сынама алынды. Сол сынамалардың 30 пайызы нормативтік құжаттардың талаптарына сай еместігі анықталды. 77 мердігер компания жазаланып айыппұл салынды. Сол компаниялардың төртеуі лицензиясынан айрылды.

Сарапшылар осы барлық мәселенің «шешімі біреу» дейді. Ол FIDIC жүйесімен жұмыс істеу. Бұл Халықаралық инженер-кеңесшілер федерациясы. 110 жылдық тарихы бар. Тек жол ғана емес, барлық құрылысты жобалау, жоспарлау, жүзеге асыру туралы бүге-шігесіне дейін осында жазылған. Мысалы қазір жолға қаражат кезең-кезеңімен аударылады. Егер ақшаның келесі бөлігі уақытылы түспесе жол да жоқ, жұмыс та жүрмейді. Мұндайда FIDIC ережесі не дейді?

Ұлан Әліп, жол сарапшысы:

Ол жерде жазылады. Мысалы, мердігер ақшасыз кемінде 3 ай өз бетімен жұмыс істей алатындай қаражат көрсетуі керек. Отыз миллион болса, ол айтады мысалы ай сайын 1,5 миллионнан шебер етем деп айтса, ол мердігер 4,5 миллион счетында көрсетуі керек.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибе бойынша жолдың бағасын халық беруі кеек.

Ұлан Әліп, жол сарапшысы:

Мысалы сіз Астана-Бурабай жолын жүріп өттіңіз. Сіз Бурабайға жеткен кезде сізге хаткелді. 5-10 баллдық шкаламен бағалаңызшы жолдың жағдайын дейді. 10 балл жинаса 1 миллион алады, 5 балл жинаса 500 мың алады.

FIDIC ережелерін тиімді қолданған мемлекеттің бірі – Түркия. Түріктер үшін жол тасымал ғана емес, турист тартудың маңызды бір қадамы. Сол үшін қаражатты да аямайды. 2020 жылы 1 трлн, ал 2022 жылы 1,5 трлн лира қаражат бөлінген. Бұл шамамен 60 млрд доллар. Сондықтан да болар соңғы 15 жылда Түркияның облыс орталықтарының барлығын бір-біріне жалғайтын сапалы автобандар салынған.

Решид Байрам, Ыстамбұл қаласы Кучукчекмеже ауданы жол құрылысы басқармасының басшысы:

Мердігерлерге талап қатаң. Сапасыз жол салған немесе жұмысын бітірмей кеткен компания ешқашан жол салу жұмыстарына қатыса алмайды. Қомақты айыппұл да төлейді. Ал тиісті мекемелер жұмыстың әр сатысында сапаны қадағалап отырады. Қатаң талаптардың арқасында қазір Түркия Еуропадағы ең сапалы жолдары бар елдердің қатарында.

Елдос Есенбол, тілші:

Бірақ Қазақстанда жауаптылар біздің заңдарға келтіріп, өз ФИДИК-ін жазып жатқан. Ал сарапшылар ең дұрысы Қазақстан заңын ФИДИК ережесіне келтіру керек деп есептейді. Осы тұста маман тапшылығы да анық байқалатындай. Статистика бойынша жол саласында 2000-дай маман жетіспейді. Соңғы 13 жылда PHD дәрежесі бар 2 ғалым ғана шығыпты. Сонда тендерді ұтып, жол төсеп жүрген компанияларда кім істеп жүр екен?

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу