С5+1 саммитіне алғаш рет алты мемлекеттің президенттері қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

С5+1 саммитіне алғаш рет алты мемлекеттің президенттері қатысады

16.09.2023

Нью-Иорк қаласында өтетін С5+1 саммитіне бір аптадан аз уақыт қалды. Орта Азия елдері мен АҚШ арасындағы диалог форматында алғаш рет алты мемлекеттің президенттері бас қосады. Бұл АҚШ-тың аймаққа қатысты жаңаша ұстанымын көрсетеді дейді америкалық сарапшылар. АҚШ-тан меншікті тілшіміз тарақатады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

«Биыл өтетін С5+1 саммиті өзара байланысқа серпін беріп, үлкен өзгерістер әкелуі тиіс. «Newline institute» директоры Камран Бохари Орта Азия мен АҚШ ынтымақтастың жаңа деңгейіне көшкелі тұр, дейді. Ақ үй аймақпен байланысты мейлінше тереңдетуге мүдделі. Оның ішінде өңір көшбасшысы ретінде Қазақстанға ерекше ден қойып отыр.

Камран Бохари, «Newline institute» сараптамалық даму институтының директоры:

Мемлекеттер арасындағы қақтығыс, Қытайдың экономикалық проблемалармен бетпе бет келуі сияқты күрделі кезеңде тұрмыз. Сондықтан қазір нақты әрекет жасайтын уақыт келді. Меніңше бұл өзгерістерді ертерек бастау керек еді. Сондықтан біз президенттер деңгейіндегі бұл кездесуден нақты нәтиже күтеміз. Мен Вашингтонға Орталық Азиямен қарым-қатынасын орнатуы керегін көптен бері айтып жүргенмін. Оның біртіндеп жүзеге асып жатқаны қуантады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Соңғы уақытта АҚШ-тың лауазымды тұлғаларының Орталық Азияға сапары жиіледі. Үкімет мүшелерінен бастап, конгрестің ықпалды өкілдері де ресми сапарлармен келіп кетті. Осының өзі АҚШ-тың өңірге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Орта Азия мемлекеттері де алпауыт елдермен байланыстарды жандандыруға ниетті. Бірақ, өңір жуандардың саяси ойын алаңына емес, экономикалық мүдделері үйлескен аймаққа айналуды көздейді.

Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ Төтенше және өкілетті Елшісі:

Қазақстанның және менің пайымдауымша, бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің ойынан шығып отырған бір мақсат – бұл Қазақстан болсын, Орталық Азия болсын жаһандық үлкен державалардың теке-тіресінің алаңы болмай, қайта олардың сындарлы ынтымақтастырының үйлескен жері болсын. Бұл аймақтық даму, қауіпсіздік, бейбіт өмірдің дамуына өз септігін тигізе отырып, бүкіл жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне үлкен үлес қосары анық.

Еуразиядағы геосаяси жағдай шиенеліскен тұста батыс үшін Орта Азияның маңызы арта түсті. Оның ішінде энергетикалық ресурстары мен транзиттік әлеуеті ғана емес, сексен миллиондай халқы бар өңірдің экономикалық әлеуеті де артып келеді. Ал бес мемлекет үшін алыс пен де жақынмен де тығыз байланыс орнату аймақ қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу