«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлттық тележобалар таныстырылымын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлттық тележобалар таныстырылымын өткізді

15.09.2023
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлттық тележобалар таныстырылымын өткізді

Бүгін Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының таныстырылымы өтті. Шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, телевизия ардагерлері, БАҚ жетекшілері мен журналистер қатысты.


«Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі маусымын ұлттық жобаларға арнайды. Осы бағытта «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілердің қатысуымен өтетін «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телевизиялық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын бейнелеп көрсететін «Жыр-аманат», ұлттық тағам түрлеріне арналған «Дала дәмі», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шығады.

«Ұлттық арна соңғы жылдары ұлттық бояуын сақтай отырып, қоғамдық-саяси телеарна ретінде қалыптасты. Сапа, жаңа заманауи трендтерді енгізу бойынша біздің ұжымның нарықта көшбасшыға айналғанын жақсы білесіздер. Осының арқасында аудиториямыз қатарына жастар қайта қосылды. Соңғы деректер бойынша, арнаның жастар аудиториясы 32 пайызды құрайды. Енді бұл санаттағы көрерменге салт-дәстүрлеріміз, ән-күйіміз, дәстүрлі дастарханымыз, жалпы айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды жаңа телевизиялық сапада, жаңаша форматта ұсынамыз», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.



«Інжу-Маржан» бағдарламасында Қазақстанның әр өңірінен жиналған 180 өнерпаздың орындауында 300-ден аса шығарма жазылып алынды. «Жыр-аманат» жобасында халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы «Ер Қармыс», «Алпамыс батыр», «Жантай батыр» және «Батыр Баян» эпостары көрерменге киноформатта жол тартады. «Мергендер мекені» ұлттық реалити жобасында еліміздің барлық аймағынан 2 мыңнан астам кәсіби және әуесқой садақшы бақ сынап, жеңімпаз демеушілер есебінен Астана қаласынан пәтер иеленді. «Дала дәмі» көрерменді ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі дәм түрлерімен таныстырады.


Бұдан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл 11 телехикая, түрлі тақырыптық бағытта 137 деректі фильм, 20 анимациялық жоба түсірді. Телехикаялар ішінде Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Парыз», ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен руханиятының даму дәуірін суреттейтін «Ерте көктем», түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт атаның өміріне арналған «Қорқыт» тарихи сериалдары бар.

«Қазақстан» корпорациясы тарихи сериалдар өндіруді, жалпы сериал нарығын дамытуды өзінің маңызды миссиясы ретінде жолға қойды. Тарихи туындыларымыз арқылы ұлт тұлғаларының өмір жолын дәріптеп келеміз. Биыл эфирге шығатын «Парыз» сериалы Ұлттық арнаның негізін қалап, 65 жылдық тарихында ерекше қолтаңбасын қалдырған аға буын алдындағы парызымыз», - деп атап өтті Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Ал 21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында Корпорацияның «Міржақып. Оян, қазақ!» толықметражды фильмі прокатқа шығады.

Маусымның басты спорттық жаңалығы - 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарын тікелей эфирде ұсынады. Әлемдік бәсекенің ел аумағындағы трансляциялар құқығы тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясына тиесілі. Ал Диджитал бағытында бұл маусымның басты оқиғасы – жақын күндері Корпорацияның «Birge» деп аталатын онлайн кинотеатры іске қосылады.



Хабарламаларға жазылу