Бүгін Түркия алғашқылардың бірі болып Ливияға көмек жөнелте бастады. Өйткені бұл солтүстікафрикалық мемлекет те алапат тасқын тасқыннан зардап шегіп отыр. Су апатынан қаза тапқан мың шақты адамның мәйіті табылды. Құрбандар саны бұдан он есе көп болуы мүмкін. Өйткені сан мың тұрғын жоғалып кеткен.
Ливияның шығысындағы Киренайка провинциясындағы үш аудан апатты аймақ деп жарияланды. Бұл өңірде екі күн бойы төпелеп жауған жаңбыр мен дауылдың соңы алапат тасқынға, лай көшкініне ұласып отыр.
Құрбандар туралы мәлімет әртүрлі. Халықаралық қауымдастық мойындамаған Шығыс Ливия үкіметінің дерегінше, теңіз жағалауындағы Дерна қаласында 2 мыңнан астам адам қаза тапқан. Ал Қызыл крест қоғамы 10 мың адамның жоғалғанын хабарласа, бірер сағат бұрын одан көп ливиялықтың жан тәсілім еткені туралы мәлімет тарады.
Ибрахим Хатра, Әл-Абрақ муниципалитетінің өкілі:
Дерна қаласы дағдарысқа душар болды. Ақпарат құралдары 11 мыңнан астам адамның өлгенін жариялап жатыр.
Сонымен қатар, Бенгази, Сус, әл-Мардж шаһарлары да су апатынан зардап шегіп, оларда да мектептер, кәсіпорындар, дүкендер жабылған.
Жерорта теңізінде көтерілген «Даниэль» дауылы Ливия жағалауына қыркүйектің 10-да соққы берді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, соның салдарынан Дернада екі дамба құлап, талай елді мекен мен адамдар суға кеткен.
Елге алғашқылардың бірі болып Түркия гуманитарлық көмек жеткізді. Сонымен қатар, Мысыр, Алжир, Тунис, Араб әмірліктері де Ливияға жәрдем жөнелтетінін жариялады.
Халифа Хафтар, әскери қолбасшы:
Бас қолбасшылық барлық құтқару және жәрдемдесу операцияларын жіті қадағалап отыр. Және де біздің күштерімен су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үйінділердің астынан бірталай адамды шығарды.
Ливияның батысында әлем таныған ресми екінші үкіметі бар. Оның премьер-министрі Абдулхамид Дбейба жексенбіде барлық мемлекеттік органдарға залалмен, тасқынмен «шұғыл күресуге» нұсқау бергенін мәлімдеп отыр.
Ливияда 2011 жылы Муаммар Каддафи өлтірілгеннен кейін қарулы қақтығыстар басталып, 2014 жылы елде екі қарсылас әкімшілік құрылды. Дауылдан кейін олардың екеуі де алдағы үш күнді қаралы деп жариялаған.
Арыстан Рысбек