Ливияда тасқыннан мыңдаған адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ливияда тасқыннан мыңдаған адам қаза тапты

12.09.2023

Ливияда дауыл мен нөсер жауыннан су тасып, бөгеттер құлап, мыңдаған адам қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты, солтүстікарифкалық елдің екі үкіметі де алдағы үш күнді қаралы деп жариялап, кейбір аудандарға төтенше жағдай енгізген.

Ливияның шығысындағы Киренайка провинциясындағы үш аудан апатты аймақ деп жарияланды. Бұл өңірде екі күн бойы төпелеп жауған жаңбыр мен дауылдың соңы алапат тасқынға, лай көшкініне ұласып отыр.

Құрбандар туралы мәлімет әртүрлі. Халықаралық қауымдастық мойындамаған Шығыс Ливия үкіметінің дерегінше, теңіз жағалауындағы Дерна қаласында 2 мыңнан астам адам қаза тапқан. Ал осы аймақта жұмыс істеп жатқан Қызыл Крест болса, 250 тұрғынның мерт болғанын хабарлады. Сонымен қатар, Бенгази, Сус, әл-Мардж шаһарлары да су апатынан зардап шегіп, оларда да мектептер, кәсіпорындар, дүкендер жабылған.

Жерорта теңізінде көтерілген «Даниэль» дауылы Ливия жағалауына қыркүйектің 10-да соққы берді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, жауын құйғанда, Дернада екі дамба құлап, талай елдімекен мен адамдар суға кеткен.

Ливияның батысында әлем таныған ресми екінші үкіметі бар. Оның премьер-министрі Абдулхамид Дбейба жексенбіде барлық мемлекеттік органдарға залалмен, тасқынмен «шұғыл күресуге» нұсқау бергенін мәлімдеп отыр. Ливияда 2011 жылы Муаммар Каддафи өлтірілгеннен кейін қарулы қақтығыстар басталып, 2014 жылы елде екі қарсылас әкімшілік құрылды.

Дауылдан кейін олардың екеуі де алдағы үш күнді қаралы деп жариялаған.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу