Аманкелді Имановтың туғанына – 150 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аманкелді Имановтың туғанына – 150 жыл

09.09.2023
0:00:00
0:00:00

1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің сардары Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл. Осыған орай Торғай төсінде торқалы той өтіп жатыр. Мәдени, спорттық шаралар өткен жексенбіде басталып, апта бойы жалғасты.

Бүгінгі іс шара батырдың рухына құран бағыштаудан басталды. Дүниеден өткеннен кейін үш рет жерленген сардардың денесі қазір аудан орталығында жатыр. Мұнан әрі көпшілік мерейтойға орай жаңартылған мұражай жәдігерлерін тамашалады. Көп ішінде кешегі көтерілісшілердің ұрпақтары да бар.

Егінбай Әбдірахманов, тұрғын:

Бір атам мыңбасы болған. Қосжан деген кісі. Атында қазір ауыл бар. Кейінші ұрпақ өткенді қастерлеу үшін осындай жиындар қажет.

Бүгінгі тойға Аманкелді батырдың ұрпақтары да келді. Солардың бірі – Толқын Сұлтанова соңғы жылдары мұрағат ақтарып, даңқты атам жайлы тың деректер жинақтап жүрмін, дейді.

Толқын Сұлтанова, Аманкелді батырдың ұрпағы:

Кезінде атамыз жайлы көптеген шығармалар жазылды. Соларды іздеп, алтын қорды ақтарып көптеген музыканттарымыздың шығармаларын таптым.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Мерекелік шаралар Амангелді ауданының орталығында бірнеше жерде өтіп жатыр. Соның бірі – ауыл шетіне тігілген киіз үй қалашығы. Мұнда сырттан келген қонақтарға қонақасы беріледі. Және келушілер әр киіз үйге кіріп, көшпелі жұрттың тұрмыс салтымен таныса алады.

Аманкелді Иманов бейнесі кеңестің кезінде саяси насихат құралына айналды. Ал Тәуелсіз Қазақстан қоғамы оны қалай тануы керек? Белгілі ғалымдар «Батырдың биік тұлғасы» атты конференцияда осы төңіректе ой толғады.

Аманжол Әлтай, филология ғылымының докторы, профессор:

Ел боламыз десек, ұлт боламыз десек, әртүрлі саяси ойынға шығармай, Аманкелді сынды батырды ұрпаққа үлгі ететін ұлт қаһарманы деп тануымыз керек.

Боз кілемдегі палуан күресі мен сайын дала төсіндегі аламан бәйге дүбірлі тойдың сәнін кіргізді. Жеңімпаздарға тігілген сыйлық қоры да қомақты. Бұл той шалғайда бұйығы жатқан жұрттың рухын серпілтіп, Аманкелді батырды жаңа қырынан танытатын тағлымға толы болды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу