Орталық Азиядағы су дағдарысы: «Кім кінәлі?» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азиядағы су дағдарысы: «Кім кінәлі?»

03.09.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының негізгі тезисі «ал енді экономика» дегенге саяды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық модельге көшіру бастамасын көтерді. Айтпақшы, бұл ойын Президент тамыз айында Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аңдатқан еді.

Ал оның алдында өткен Жоғары экономикалық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық экономистерді сынға алып, экономиканы дамыту үшін түбегейлі шешімдер қажет дегені де есте. Жаңа экономикалық саясатқа қатысты бастамаларды кейінірек сюжетте талдаймыз.

Алдымен саяси бастамалар жайлы айтайық. Әдетте саясат пен экономиканы бөлек салалар сияқты бағалаймыз. Бірақ іс жүзінде бұл ұғымдар құстың қос қанаты сияқты. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Енді тоқ етеріне көшейік. Жолдауда облыс және аудан әкімдерін сайлау, жергілікті бюджетті аудан әкімдерінің басқаруына беру, ал, Үкіметке Ақордадан тапсырма күтпей жұмыс істеу ұсынылып отыр. Астарына үңілсек бұлар маңызды бағыттап. Дегенмен біз су мәселесіне назар аудардық. Жолдауда ол да айтылды.

Су ресурстарына біз саяси мәселе ретінде қарадық. Бірақ оның экономикаға да, экологияға да тікелей қатысы бар. Қазақстан – трансшекаралық өзен-көлге тәуелді ел. Қасым-Жомарт Тоқаев «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жету» мүмкіндігін ескерте келе, «көршілермен келісу керек», - деді. Сөйтіп «судың да сұрауы бар» деген бабалар тәмсілінің өзекті екенін тұспалдағаны бар.

Иә, «су және дипломатия» Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналды. Азияда 2 миллиардқа жуық халық Тибет пен Гиндукуш тауларынан бастау алатын өзен суларын тұтынады. Тибеттен келетін тіршілік нәріне Қытай, Үндістан, Пәкістан тәуелді болса, Орталық Азиядағы ең ірі өзен Амударияның көзі - Гиндукуште.

Соңғы жылдары осы өзеннің суына төрт мемлекет таласып жүр. Қатты кетісіп, қару кезене қойған жоқ. Бірақ Ауғанстан мен Иран шекарашылары суға таласып, бір-біріне оқ атқаны бар. Сол оқиға су үшін жаға жыртысудың басы болмаса екен деп тілейміз. Дипломатияның білек сыбана іске кірісетін тұсы осы.

Су жайлы сөз бастадық қой, ашығын айтайық. Орталық Азия жұрты суды үнемдеуге әлі дағдылана қойған жоқ. Біз де, өзбек ағайын да мақта егеміз. Бұл өзі суға құмар өсімдік. Ал Өзбекстанда мақта алқаптарын суаруға пайдаланатын су көлемі жыл сайын артып барады. Амудария мен Сырдария суы теңізге құяр сағаға жетпеген соң басынан бағы тайған Аралдың жағдайы тіптен нашарап кетті. Үміт шамындай болған Кіші Арал да оңып тұрған жоқ.

Өңірдің экологиялық апат аймағына айналғанын мойындаған сыңайлымыз. Өкініштісі сол, суға қатысы мәселе тек Арал тағдырымен шектелмейді. Маусым айында Ақтауда Каспий тартыла бастағандықтан, табиғи сипаттағы ТЖ жарияланды. Бұл Арал тағдырын қарт Каспий де қайталау қаупі төнгенін аңғартса керек. Оған Балқашты қосыңыз.

Қазақстан судың 55 пайызын трансшекаралық елдер Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейден алады. Осы жазда Қырғызстан тарапынан Жамбыл облысынан су жіберілмей, диқандар зардап шекті. Қырғыз ағайын Шу мен Талас облыстарында да жағдай ауыр екенін айтып, сондықтан суды шектеуге мәжбүр болғанын алға тартты.

Иә, Президент айтпақшы, көршілермен келісу керек... Диалогтың үлгісі ретінде қазақ-тәжік байланысын келтіруге болады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үш айдың ішінде Астанаға екі рет келді. Мамырда мемлекеттік сапармен, тамыз соңында жұмыс сапарымен ат басын тіреген. Одақтастық декларациясы сипатындағы көктемгі келісім жазда жемісін берді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан тарапына су-энергетика саласындағы міндеттемелерін мүлтіксіз орындап, су тасымалын қамтамасыз етіп отырғаны үшін алғыс айтты.

Орталық Азиядағы су дағдарысы жөнінде шетелдік басылымдар жиі жазады. Бір ай бұрын ғана америкалық FOREIGN POLICY журналы «Орталық Азияға су соғысы таяп келе жатыр» деген атаумен мақала жариялаған-тұғын. Басылымға сұхбат берген сарапшылар «Кім кінәлі?» деген сұраққа жауап берген. Олардың пайымынша, басты себептер: Кеңес үкіметінен келе жатқан тиімсіз басқару, су қорларын зерттемеу, болжамдардың жоқтығы және «табиғатты адамға бағындыру» саясатын көрсететін алып су бөгеттері сияқты ауқымды имидждік жобалар.

Ал су мәселесін шешудің басты тетігі ретінде Орталық Азия елдеріне дипломатия мен диалогты ұсынып отыр. Әрі үнемдуді үйрену керек.

Бұл - өзі терең зерттеу мен талдауды талап ететін маңызды әрі кең тақырып. Сондықтан су мәселелері бойынша алдағы апталардың бірінде арнайы материал әзірлеуді жөн көрдік.

Су, жер үшін талас, геосаяси тұрақсыздық... Мұндай уақытта ұлттық қауіпсіздік мәселесін айналып өтуге болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда былай деді: «Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн». Әрі ол үшін бізде материалдық-техникалық база да, білікті мамандар да барын айтты. Тек оларға күштік құрылымдардан тапсырыс керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сірә, бұл сөз Қорғаныс министрлігіне қарата айтылғандай. Бірақ бұл жерде таразының келесі басында техниканың сапасы тұратыны тағы бар. Әскери техникаға қойылатын талап бөлек. Сондықтан бұл тақырыпқа кейін тағы ораламыз.


Хабарламаларға жазылу