Ақтауда МАЭК-те тағы да апат. Комбинатта энергоблоктардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан еді. Енді тағы біреуі тоқтап қалды. Соған байланысты бірқатар елді мекенде электр қуаты шектеумен берілуде.
Аягөз Оралбайқызы:
Екінші энергоблок жұма күні тоқтады. Оған дейін МАЭК 545 МВт өндірсе, қазір екі бірдей энергоблок істен шыққан соң небәрі 245 МВт тоқ өндіріп жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, Жаңаөзен қаласы мен оған жақын ауылдарға және 4 бірдей аудандағы елдімекендерге жарық шектеумен берілуде.
Апаттың себептерін жою үшін арнайы штаб құрылды. Ал МАЭК мамандары номері 1 энергоблокты жөндеу үшін қазандықтың салқындағанын күтіп отыр. Жөндеу жұмыстары сосын басталады. Жаңа ғана жеткен мәлімет бойынша бірінші санаттағы нысандар яғни ауруханаларды жарықсыз қалдырмау үшін бірқатар елді мекендерде электр энергиясын «тиімді» ажырату әдісі қолданылатын болып шешілген.
Енді ірі кәсіпкерлік нысандарға да тоқ шектеумен беріледі. Бұл шара энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін жалғасады.
Аягөз Оралбайқызы