Қай елдің туристері Қазақстанда ұзақ саяхаттайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қай елдің туристері Қазақстанда ұзақ саяхаттайды?

09.08.2023

Шетелден келетін туристер Қазақстанда қанша күн қонақ болады? Мұны «eQonaq» арнайы ақпараттық жүйе анықтады. Жалпы Қазақстандағы туризм қалай дамып жатыр? Туристтік жарнадан қанша қаражат түседі? Ол қайда жұмсалмақ?

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға 928 мың шетел азаматы аялдаған. Бұл - елде қонақ үй алып, бірер күн тұрақтағандар саны.

Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Бірақ оның барлығын демалуға келді деуге келмейді. Мысалы елордаға түрлі іс-сапар, жұмыс барысымен келетіндер, әртүрлі деңгейдегі қонақтар жетерлік. Десе де кім-кімді баурап алатын көрікті жерлер баршылық.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР МСМ Туризм индустрия комитеті төрағасының орынбасары:

Өзіміздің анықталған 10 топ орындарымыз бар. Олар жаңағы Щучинск Боровое курорттық аймағы, одан кейін Алакөл маңы, Түркістан Маңғыстау, Алматы, Балқаш көлі көбіне тоқтайтын жерлер осылар.

Көбіне Қазақстанға саяхаттап келетіндер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елінің азаматтары. Үндістан, Қытай, АҚШ-тан да келушілер бар. Өзбекстан азаматтары көбіне 10 күн қонақ болып, көрікті жерлерді аралайды екен. Ал, Ресейліктер орта есеппен 6 күн болса, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Үндістан азаматтары 4 күнін арнайды. Мұны «eQonaq» арнайы ақпараттық жүйесі анықтаған.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР МСМ Туризм индустрия комитеті төрағасының орынбасары :

«eQonaq» жүйесіне дейін кейбір азаматтар шет елден келген азаматтар міндетті түрде ІІ немесе Көші-қон полициясына тіркелу қажет. Егерде орналастыру орнында Е-қонақ жүйесі жұмыс істеп тұрса азаматтарға бұл жерлердің бәріне барып қажеті жоқ. Бұл ақпараттық жүйе әлемнің 190 елінің паспортын тани алады.

Бірақ, сол туристер тоқтайтын қонақ үйлерді алаңдатқан бір мәселе бар. 2021 жылдан бері қонақ үйге тоқтаған шет елдіктер үшін енгізілген туристік жарнаны кәсіпкерлер тоқтата тұруды сұрайды.

Бейсен Жолболдиев, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры:

Нақты алгоритм жоқ. Бұл алынатын қосымша құнды қайда, қалай алуымыз керек. Егер оны кіріс ретінде алатын болса оған қосымша салық төленеді. Бұның бәрі қарастырылмаған. Салық кодексінде де жоқ, бюджеттікте де оның бәрі қосымша нормативтік актілерге енгізу керек болады.

Жыл басынан бастап туристтік жарнадан түскен қаражат 300 миллион теңгеден асқан. Бұл қаражаттың дені жергілікті туризмді дамытуға жұмсалмақ. Айта кетейік шекара асып келген турист Қазақстанға орта есеппен 1500 доллар жұмсайды.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу