Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Жаңаауыл мен Жылысу ауылында 11 мың гектар мақта алқаптарына су жетпей жатыр. Шаруалар шілденің күнінде суарылмаған жерлерге бірер күнде су бермесе, өнім түгел қурап қалады деп дабыл қағуда. Салаға жауаптылар болса мұның себебін Өзбекстаннан келетін Достық каналындағы судың көлемі азайып кетуімен түсіндіреді. Өңірлік тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы шаруалардың жағдайын көріп келді.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Жылысу ауылындағы мақталық алқаптар соңғы бір айдан бері суарылмаған. Салдарынан мақта өспей, қурап барады. Мәселен мына мақтаның биіктігі осы уақытта бір метрден асуы керек болса, қазір 20-30 см ғана өсіп тұр. Ал базбірі көсек пен шанақ тастап, қурап жатыр.
Жергілікті шаруалардың бірі Нұрхан Артықов 25 гектар жерге мақта еккен. Алайда ала жаздай еткен еңбегі еш кететін түрі бар. Айтуынша ерте көктемнен мақталығын бірде бір рет суармапты.
Нұрхан Артықов, шаруа:
Қазір біз мақталыққа селитра бергенбіз. Сол селтраның күшімен ғана тұр. Су жоқ. Былтыр да өнімді ақтады деп айта алмаймыз. Өйткені мақтаның бағасы өте төмен болды. Ал биыл да сол баға болатын болса, мынандай өнімменен біз тағы да банкрот боламыз.
Марат Бұхаров, Жетісай аудандық мақташылар одағының төрағасы:
Жылысу ауылдық округінде мысалы үшін 20 мың гектар жердің 16 мың гектары әлі су ішкен жоқ. Халық шулап, еккен егістері күйіп бара жатыр. Биылғы жылда барлық нәрсе қымбат. 1 га жердің шығыны 350-400 мың теңгеге шығып жатыр. Өйткені дәрісі, селитрасы, соляркасы, суы да қымбат. Ал бұл кісілер банкротқа кірді десе де болады.
Қазір Өзбекстанның Достық каналынан секундына небәрі 38 текше метр ғана су келіп жатыр. Ал шаруаларға екі есе көп керек. Бүгінде Жетісай ауданындағы 45 мың гектар мақталық алқаптың тек 60 пайызы ғана суарылған. Егістікке миллиондап қаржы салған шаруалар енді шығынға батамыз деп налиды.
Орынбасар Сәрсенбаев, өндірістік кооперативтің төрағасы:
Шаруалардың 30-ақ процент су ішті ғой. Әлі бүгінгі таңға К-21 каналында 330-ақ гектар су ішті. Әлі мың гектар жер бар. Ол қашан су ішіп болады? Осы су жөнінде біздің айтпаған жеріміз қалмады. Мынау облыстық, аудандық су шаруашылығы, ауданның ауылшаруашылығы бөлімі бәрі біледі. Содан бері суды әне-міне дейді, бірақ келіп жатқан су жоқ.
Бүгін осы мәселеге орай арнайы комиссия құрылды. «Қазсушар» мекемесінің мамандары шаруалармен кездесті. Жауаптылардың сөзінше, Экология министрлігі Өзбекстан тарапынан 35 текше метр су сұрап хат жолдаған.
Асқар Қыстаубаев, «Қазсушар» МКК ТФ директорының міндетін атқарушы:
Су тапшылығы жалпы Қазақстанда емес, бүкіл осы Сырдария өзенінің бойында орналастырылып отыр. Оның бастау алатыны мынау Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасы. Одан кейін Қарақұм су қоймасындағы су тапшылығына сәйкес қазір кесте қойылды. Бұл жерде транзитпен жетпеген суды аударып тиісті каналға жеткізу жұмысы жүргізіледі.
Тығырықтан шығу үшін Шардара қоймасынан тіршілік нәрін жеткізетін каналдың екі насосы қосылып, он текше метр су беріле бастады. Сондай ақ күріш алқаптарына жіберілетін су уақытша Тоқтатылып, Жылысу мен Жаңаауыл елдімекендеріне қарай бағытталды.
Айнұр Әбілқасымқызы