Премьер-Министр Алматыдағы барлық тұрғын үй кешендерін жіті тексеруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Алматыдағы барлық тұрғын үй кешендерін жіті тексеруді тапсырды

07.08.2023

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыдағы өрттен қаза тапқан әйелдің жақындарына көңіл айтып, барлық тұрғын үй кешендерін жіті тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатқан кедергілерді де реттеуді жүктеді. Бұған дейін төтенше жағдай мамандары аула ішіндегі автокөліктердің кесірінен өрт сөндіру техникасының оқиға орнына қарай өтуі қиынға соққанын айтқан еді. Сондай-ақ балкондардағы шұғыл эвакуациялауға арналған апаттық люктер де жабық болған. Осыны ескерген Премьер-Министр төтенше жағдайлар министрлігіне биікке көтеріле алатын техника сатып алуды тапсырды. Өрттен зақымданған 16 қабатты үйді қалпына келтіруді жеделдету қажет деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер – Министрі:

Тұрғындардың үйлеріне тезірек оралуы үшін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету қажет. Жаңа көпқабатты үйлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін әрдайым тексеру керек. Сондай-ақ республикадағы Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріндегі жабдықтарды жыл сайынғы жаңарту кезінде көпқабатты үйлерде жұмыс істеуге арналған техника қажеттілігі ескерілсін.

Ал Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов болса «Ақкенттегі» өрт туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына мамандар 8 минутта жеткенін, құтқарушылар 80 адамды құтқарып қалғанын айтты.

Өрт 1 тамыз күні 16 қабатты «Ақкент « тұрғын үй кешенінде болды. Алдын ала болжам бойынша үйдің кабель шахтасы өртенген. Тұрғындар жаппай сыртқа шығуға жанталасып, терезеден секірген. Бір адам қаза болып, 42 тұрғын зардап шекті. Әлі 5-уі аураханада жатыр.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу