Швециядағы этникалық қазақтар елден оқулықтар алдырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швециядағы этникалық қазақтар елден оқулықтар алдырады

03.08.2023

«Еуропада қазақ тілін үйрететін курстар ашылып, мәдени орталықтардың жұмысы жанданса». Бұл рухани көмекке зәру қарт құрлықтағы қандастарымыздың тілегі. Өздері де қол қусырып отырған жоқ. Ұрпақтары тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмытпасын деп қолдан келгенді жасап жатыр. Әсіресе, Швециядағы қазақтардың ұйымшылдығы күшті.

Швецияда қазір 500-дей қазақ отбасы бар. Көбісі, елдің Вестерос қаласында тұрады. Бәрі 60-жылдары Түркиядан қоныс аударғандар. Ынтымағы мығым. Ұлттық тағамдарды бірге әзірлеп, ай сайын бас қосуды әдетке айналдырған. «Ауылдың алты ауызы» дәстүрін де ұмытпапты.

Швециядағы, бүкіл Еуропадағы бар қазаққа бас-көз болып, қауымдастықты басқарып отырған Мұрат Ерміш. Қазақ, түрік, швед, ағылшын тілдерін жетік меңгерген ағамыз біраз жыл жергілікті мәслихаттың депутаты болды. Қазір бар күшін жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелеуге сарп етіп жүр.

Мұрат Ерміш, Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы:

Балаларымыз, немерелеріміз қазақ болғанын ұмытпасын деген. Ең негізгі мақсат сол. Бүкіл Еуропада бір федерациямыз бар. Сол федерацияда жылына бір рет құрылтай істейміз. Қазақтар бір жерге жиналып, бір-бірімен танысып, үйленіп, қазақ балалары туып, қазақтығымызды қорғау да қысқашасы.

Швециядағы қандастарды алаңдататын тағы бір мәселе-өскелең ұрпаққа ана тілін үйрету.«Тіл жоғалса, ұлт жоғалады»-деп қауіптенеді аға буын өкілдері. Жастар әзірге қазақшаны ата-анасынан үйренуге тырысып жүр. Бірақ, көмек қажет.

Арман Кесер, Швециядағы жастар қауымдастығының төрағасы:

Кітап керек, Қазақстаннан мұғалім керек. Швецияның Вастерос қаласындағы қазақтарға, жастарға қазақ тілін үйренбекке. Менің арманым-Швециядағы қазақ жастарының қазақ культурының құрымауы. Келешекте қазақ жастары қазақ тілін де үйренбек.

Тегі қазақ екенін мақтан ететін жастар Қазақстанның атын футболдан шығарып жүр. «Қазақтар» командасы бүгінде Швед футбол лигасындағы үздіктердің қатарында. «Тоғызқұмалақ, асық ату»сынды ұлттық ойындар мен домбыра үйренуге де жастардың қызығушылығы басым. Еліміздің Швециядағы елшілігі диаспора өкілдеріне қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр. Шеттегі қандастарымыз да қазақ елі мен руханияты үшін маңызды жобаларға өз үлесін қосуға дайын.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу