Түркістан облысының тұрғындары техникалық суды тұтынып отырмыз дейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғындары техникалық суды тұтынып отырмыз дейді

31.07.2023

Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары аптап ыстықта ауыз судың азабын тартып келеді. Елді мекенге су ұңғымасы салынғанымен, одан шығатын тіршілік нәрі тұзды әрі техникалық су саналады. Ал тұщы су аптасына бір-ақ рет берілгенімен, халықтың барлығына бірдей жеткілікті емес.

Сондай-ақ ауыл ішіндегі көшелердің тоз-тозы шыққан. Абай ауылында тұратын көпбалалы ана Зарина Жүнісова құбырдан аққан ащы суды күнделікті тұндырып ішетінін айтады. Себебі тұтынуға басқа тіршілік нәрі жоқ. Тұщы суды аптасына бір рет бергенімен, ауылдың соңына жеткенше дәмі кермек татып жетпей де қалады. Сондықтан техникалық суды тұтынудан басқа амал жоқ.

Зарина Жүнісова, Абай ауылының тұрғыны:

Осыны құтыға құйып қоямыз. Оны бала-шаға амал жоқ ішеді. Бала-шағамның іші ауырады, іші өтеді. Оған алыс жақта орналасқан орталыққа бару үшін бала-шағам кішкентай. Апара алмаймын.

Ауыз судың азабын тартқан халық шетімізден ауру тауып жатырмыз дейді. Көпшілігі өтінен тас алдырса, бәз бірінің бүйрегіне тұз бен тас жиналып қалатын болған.

Насыр Құттықожаев, Абай ауылының тұрғыны:

Қазір судың бәрі 20 метрге дейін шіріп-шіріп келген. 20 метр жерден су ішіп жатырмыз. Оны негізі малға беруге болмайды екен ғой. Сол тұз жиналып қалады, тас жиналып қалады. Бәрі мына суымыздан ғой.

Ауылдың атқамінерлері ауыз судың сапасы жақсы деп кесіп айтты. Оны арнайы мамандар да растапты. Соған қарамастан халыққа су тазартқыш қондырғы орнаттық дейді. Күнделікті тұщы су беруге қондырғының қуаттылығы жетпейтін болып шықты. Сондықтан жаңадан ұңғыма қаздырып, одан шыққан судың сапасын тексеруге жіберген.

Алтынбек Серікбай, Ералиев ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Қазір Абай елді мекенінде тәулік бойы су ағады. Әр тұрғын үйден колонкадан су ағып жатыр. Бізге ол су ішуге жарамды. Жарамсыз болатын болса, оны жауып тастайтын еді ғой. Бізге бермейтін еді. Қазір қосымша омега орнатылған тәтті су беріледі. Одан бөлек, аптасына бір рет тәтті су қосылып тұр.

Абайлықтарды ішкі көшелердің де мәселесі толғандырады. Кеңес үкіметі кезінде салынған жолдардың бүгінде тоз-тозы шыққан. Әсіресе, жаңбырлы күндері жүруден қаламыз деп ашынады.

Айнұр Қалдыбаева, Абай ауылының тұрғыны:

Тек тасын төсеген да, бірақ асфальті жоқ. Ол тастың төселгеніне уже төрт жыл болды. Сол күйінше қалды. Ал әкімге барсақ, әкімдіктегілер бір фирманы айтты. Ол фирма екі күнде келеміз дегендеріне бір ай болды. Келген жоқ.

Жолға жауапты бөлім басшылары жөндеу жұмыстарына биыл қомақты қаражат бөлінді деп отыр. Тендерді жеңіп алған үш компания жуырда асфальт төсеп береді деп ақталды.

Берік Мәмбетов, Жетісай ауданық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Абай елді мекенінде «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы аясында 13 көшеге ұсыныс енгізілген. Қазіргі таңда 10 көше істелінді. Қалған көшелері кезең-кезеңімен істелінеді. Бірақ биылға Абай елді мекенінде асфальт 100 пайыз салынады.

Жолды жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Ал ауыз судың мәселесін жауапты бөлім басшылығы біртіндеп шешеміз деп уәде етті.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу