Қостанай облысында 70 ауыл тасымал суды тұтынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 70 ауыл тасымал суды тұтынады

24.05.2021

Қостанай облысында 70 ауылға әлі күнге дейін су құбырмен емес көлікпен жеткізіледі. Яғни осынша елдімекеннің тұрғындары тасымал суды тұтынып отыр. Әсіресе Ұзынкөл ауданында жағдай күрделі. Мұндағы 32 ауылдың тек сегізі ғана орталықтандырылған су желісімен қамтылған. Күрмеулі мәселе қашан шешілмек? Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл аудан орталығындағы «Ұзынкөл Су» кәсіпорны. Оның қуаты тәулігіне 2 мың текшеметр су беруге жетеді. Алайда қазір тек соның 30 проценті ғана кәдеге жарап тұр. Себебі көптеген елді-мекендерге әлі орталық желі тартылмаған. Ондай ауылдарға сапалы, таза ауыз су мынадай көліктермен жеткізіледі.

Мынадай үлкен ыдыс Троебрат ауылы тұрғындарының бәрінде дерлік бар. Оған қыста қар жинап, еріген суын техникалық мақсатқа пайдаланады. Таусылып қалса көлік жалдап құйдырады. Ауыз су теміржолмен сонау Бурабайдан жеткізіледі. Судың тапшылығынан мұндағы жұрт бау-бақша да еге алмай отыр.

Сарыалтын Тұяқова, Троебрат ауылының тұрғыны: 
Мына жерге егер едік бірдеме. Сәбіз, картоп, қызылша, қияр дегендей. Бақшалық жер жетеді. Жұрттың бәрі де содан еге алмай отыр. Мына үйлердің қасындағы бақшалықтың бәрі қаңсып тұр.

Көршілес Сатай ауылында да жағдай осындай. Ұзақ уақыттан бері мәселе біржақты шешілмей келеді.

Светлана Никифоренко, Сатай ауылының тұрғыны: 
 Біраз жыл Есет көлінің суын көлікпен тасып құйғызып ішіп жүрдік. Былтырдан бері ауыз суды аудан орталығынан әкелетін болды. Бір флягін 70 теңгеден сатып аламыз.

Аудан басшылары биыл 8 ауылға су беру пункті орнатылады деп отыр. Бұл мақсатқа 45 млн теңге бөлінген. Ал бір бағытта жатқан Сатай, Сокол, Троебрат ауылдарына орталық магистральдан ұзындығы 41 шақырым құбыр тартылады. Су - тарату қондырғысы орнатылған соң келер жылы беріледі.

Владимир Шерстюков, Ұзынкөл аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы: 
Мұның сыртында Преснягорьков ауылына 60 шақырымдық құбыр тартылып ауыз жеткізіледі. Мұнда су әрбір үйге кіргізілетін болады. Бұған биыл 333 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар алдағы жылдары тағы 11 ауылға су тарату қондырғысын орнату жоспарда бар дейді мамандар. Шенділер осылайша күрмеулі мәселені біртіндеп шешеміз деп сендіріп отыр.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу