Өзбекстан ағын суды азайтқан соң, ауыл жұрты тарығып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан ағын суды азайтқан соң, ауыл жұрты тарығып қалды

28.04.2021

Түркістан облысындағы Өзбекстанмен шекарада орналасқан Алпамыс батыр ауылының тұрғындары ауызсуға зәру. Елді мекеннің егістік алқаптары да су болмаған соң, қурап барады. Себебі, ауылға келетін жалғыз арық- Ашынау каналына берілетін судың көлемін Өзбекстан тарапы азайтып тастаған.

Айнұр Ақбаева, тілші:
Ашынау каналы Алпамыс батыр ауылы тұрғындарының жалғыз тіршілік көзі саналады. Бес мыңнан аса тұрғыны бар елді мекен халқы осы арықтан су ішіп, егінін суарады. Себебі, ауылға су құбырлары тартылмаған. Ал, соңғы он күн ішінде каналда бірнеше рет су тоқтап, ауылдағы жұрт ауызсудан тарығып қалған.

Шекара шебінде орналасқан Алпамыс батыр ауылының тұрғындары бүгін егістік алқаптарындағы жұмыстарын тоқтатып арықтың басына жиналды. Барлығының талабы біреу. Ауылға су берілсін дейді. Ашынған халықтың айтуынша, соңғы он жылдан бері кенезесі кепкен жұрт суға жарымай келеді.

Марат Айтханов,   Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Өнімнің сапасына нағыз су керек кезде суды тоқтатады жылда. Айқай, шу жанжал. Кезекпен қойып жатырмыз суды, кезекпен қойғанда да су жетпейді. Өнім ала алмаймыз. Бәріміз кредитте отырмыз. Жылда шырылдаймыз, бірақ нәтиже жоқ.

Жергілікті халық бәрінен де күннің ыстығында егін суармақ түгелі, ауызсуға зәруміз деп күйініп отыр.

Гаухар Жораева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Біздің ауылымызда су тоқтаса өміріміз де тоқтады деген сөз. Ішетін шаятын, барлық нәрсеге қолданатын осы су. Неше жылдан бері осы ауыз суды күтіп отырмыз, келетін түрі жоқ.

Тұрғындар ауылға келетін жерасты ағын су құбырын жолай бірнеше ауылдан тесіп алған. Сөйтіп елдімекенге жіберілетін судың көлемі азайып кеткен. Ал, суға жауапты мамандар болса проблема Өзбекстан тарапынан туындады дегенді айтады. Көрші ел су беруді төрт есеге азайтып, елдімекендерге су жетпей қалған.

Жандарбек Бахашбаев,  «Зах келес» өндірістік бөлімшесінің басшысы:
Бүгінгі таңға 42 куб судың орнына 11 куб алып отырмыз, 26 процент. Бірінші майға дейін осындай жағдай болып тұрады деп айтылған. Біздің басшылар Су комитеті, министрлік бұл тақырып бойынша жұмыс атқарып жатыр. Бірінші маңдан бастап бұл мәселе шешілмесе, жағдай қиын болады.

Сондықтан мамандар келесі айға дейін аз ғана суды амалдап жеткізуге мәжбүр. Бірақ судың көлемі мамыр айында көтеріле ме, жоқ па белгісіз.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу