«Бітпейтін той». Осылай деп аталатын отандық жаңа кино көрерменге жол тартты. Tiger Films продюсерлік орталығы туындыны комедия жанрында түсірген. Актерлар оқиға желісі жалықтырмайды, керісінше өрбу барысы көпті алаңдатып қояды дейді. Фильмде отбасылық құндылық пен шынайы достық көрініс тапқан.
Отау көтермек болған Темірлан мен Бегімай естен кетпес ерекше той өткізгілері келеді. Күйеу жігіт досы Мұхамеджанға барлық ұйымдастыру жағын тапсырады. Бірақ оның дәл осы шешімін ешкім құптамай қоймайды. Өйткені, жігіт жолдас жауапкершіліктен жұрдай, тентек бала. Көпшілік ойлағандай-ақ, ол тойдың шырқын бұзады. Тағдыр оны тәртіпке салмақ болып, қателігін түзеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бір күні айналып қайталана беретін күйге түседі.
Еркебұлан Тоқтар, актер:
Тентектеу бала болып жазылған, бірақ біз сәл басқашалау қылып бердік. Бәрібір де жауапкершілігі бар бала қылып берді. Французский комедия көргендегідей ситуационный комедия бұл жерде. Сөзбен күлдірмейді. Сол жерімен ерекше.
Иә, басты кейіпкердің шым-шытырыққа толы әрекеті кинода әзіл - қалжың аралас сөзді де қажет етпейді. Бір жарым сағаттық киноны Tiger Films продюсерлік орталығы небәрі 12 күнде түсіріпті. Режиссері – Дархан Сәркенов.
Дина Тасболатова, актриса:
Бұл продюсерлік орталықпен түсірген алғашқы жобамыз емес. Түсірілімдегі актерлар да таныс. Сондықтан жоба өте жеңіл әрі қызықты өтті.
Артұр Төлепов, актер:
Сол той-томалақта жүргеннен кейін өзіміз көріп жүрген сол тойдағы тосттар, тойдағы ата-әжелер, тойдағы билер, соның бәрін көріп жүргеннен кейін біздің қанымызға сіңген ғой, сосын автоматты түрде ойап кеттік деп айта аламын.
Туынды кешелі бері еліміздің барлық қаласындағы кинотеатрларда көрсетілуде. Жоба жетекшілері алғашқы күннен бастап-ақ халықтың ықыласы ерекше екенін айтып отыр.
Әйгерім Ердәулет