Алматыда жол қозғалысы қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жол қозғалысы қиындады

13.07.2023

Алматы жұрты дұрыс жоспарланбаған жол құрылысынан мезі болдық деп шағымданды. Ірі екі көше - Әл-Фараби мен Абай даңғылдары жабылып, жөндеу жүріп жатыр. Соның кесірінен қозғалыс қиындап, жүргізушілер ұзын-сонар кептелістен көз ашпай қалды. Шаһар басшысы болса, ыңғайсыздық үшін кешірім сұрап, жұмыстың аяқталу мерзімін атады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұл Алматыдағы ең ірі көшелердің бірі Әл-Фараби даңғылы. Көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан оның біршама бөлігі жабылған. Салдарынан бірнеше шақырымға созылатын көлік кептелісі қалыптасқан. Дәл қазір шаһарда ауа температурасы +36 градусты көрсетіп тұр. Ал жүргізушілер осындай аптап ыстықта сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр.

Бұл көшемен күніне 100 мыңнан астам көлік өтеді. Яғни, даңғыл қала халқы үшін аса маңызды. Қазір қалыңдығы 27 см болатын асфальттің үстіңгі 5 см қырып алынып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Шаруа кезең-кезеңмен атқарылғандықтан, кейбір учаске толығымен жабылған. Шаһарда көлік қозғалысы қиындай түскен соң, амалы таусылған жұрт тікелей қала әкіміне базынасын жеткізді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Ең алдымен өзімнің және қала әкімдігінің атынан уақытша қиындықтар үшін халықтан кешірім сұраймын. Мынаны түсінсеңіздер, Әл-Фараби даңғылы 2010 жылдан бері жөндеу көрмеді, Абай даңғылының асфальті 2015 жылдан бері жаңармады. Егер осы жазда жөндеу жұмыстарын жүргізбесек, қыста халіміз мүшкіл болар еді. Шаруаны оқу жылы басталғанға дейін аяқтаймыз.

Қазір Әл-Фараби даңғылындағы Есентай өзенінің көпірі де қайта жаңартылып жатыр. Мамандардың сөзінше, ол апатты жағдайда тұр.

Бақытбек Шаймерденов, мердігер компанияның бас инженері:

Көпір ескі. 1975 жылы салынған. Уақыты келді. Сондықтан жаңарту жұмысын бастадық. Кішкене өзгеріс болады. Қосымша осы көпірдің жанында велосипед пен жаяу жүргіншілерге арналған жолақ салынады.

Көпірдің құырылысы жыл соңына дейін жоспарланған. Бірақ, қыркүйек айына дейін жолдағы қозғалысты ашып береміз деп отыр мердігер компания өкілдері. Жұртты алаңдатқан тағы бір мәселе ол жиектастардың жыл сайын алмастырылуы. Шаһар басшысы олардың тек жарамсыздарын өзгертіп, жарамдыларын стандарт бойынша қайта қойып жатырмыз деді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу