Арафа күнінде Сауд Арабиясындағы миллиондаған мұсылман Аллаға құлшылық етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арафа күнінде Сауд Арабиясындағы миллиондаған мұсылман Аллаға құлшылық етті

28.06.2023

Арафа күнінде Сауд Арабиясындағы миллиондаған мұсылман Аллаға құлшылық етті. Содан кейін Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада, Орталық Азия мен әлемнің өзге де елдерінде Құрбан айт мерекесі басталды. Ислам әлемінен жеткен соңғы жаңалықтарды тілшіміз толықтырады.

Қажылықтың ең маңызды кезеңі – Арафа күні. Сол үшін төрткүл дүниеден жиналған миллиондаған мұсылман кеше Арафат тауына жол тартты. Мұнда осыдан 14 ғасыр бұрын Мұхаммед Пайғамбар соңғы өсиетін айтқан деседі. Бұл жерде жамағат күні бойы дұға оқып, Құдайдан күнәларының кешірілуін сұрайды. Содан кейін қажылар Мұздалифа жазығына жетіп, тас жинап, оны шайтанға атты. Дәл осы сәтте Ислам әлемінде Құрбан айт мерекесі басталды.

Шейх Юсеф Бин Мұхаммед, қажылық парызын өтеуші:

Құран мәтіндері тілдеріңіз бен түстеріңіздің айырмашылығына қарамастан, бірігуді, бір-біріңізді жақсы көруді, дау-жанжалдан, ажырасудан, келіспеушіліктен аулақ болуды бұйырды. Алланың бізге берген нығметтерін еске алып, егер дұшпан болсаңыздар, жүректеріңді біріктіріп, аға-ініге, апа-қарындасқа айналу қажет екен.

Саудия үкіметі биыл бес парыздың бірін өтеуге 2,6 миллион адам қабылдап жатыр. Бұл – карантиндік шектеулер алынып тасталғалы ұйымдастырылған соңғы үш жылдағы ең үлкен қажылық.

Айта кетсек, Саудия Қазақстанға биыл бөлген квотаға сәйкес, маусымның 15-і мен шілденің 10-ы аралығында киелі мекенге 4 мыңға жуық қазақстандық зиярат етуі керек екен.

Құрбан айт мерекесіне оралсақ, бүгін таңертең оны Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, Орталық Азия мен өзге аймақтарда миллиондаған мұсылман намаз оқудан бастады.

Салах Әл-Башити, Газа тұрғыны:

Газа секторы азап пен блокадаға қарамастан, қасиетті мерекені тойлап жатыр. Айт намазын оқуға келдік. Құдай қаласа, барлығы құрбандық шалады, бүгінгі күннің атмосферасы мүлде бөлек.

Құрбан айт немесе «ид-әл-Адха» қажылық сапарының шарықтау шегі саналады. Бұл күнде Ибраһимнің Алланың бұйрығымен баласын құрбандыққа шалуға дайын болғанын еске алу үшін дүние мұсылмандары мал сойып, кедейлерге ет таратады.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу