Әлем елдері Құрбан айтты атап өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдері Құрбан айтты атап өтіп жатыр

21.07.2021

Әлем елдері екінші жыл қатарынан қасиетті Құрбан айт мерекесін пандемия кезінде атап өтуге мәжбүр. Бірақ өткен жылға қарағанда биыл көптеген елде коронавирусқа қатысты шектеу шаралары жеңілдетіліп, тұрғындарға мешітке барып намаз оқуға рұқсат етілді. Пәкістанда миллиондаған мұсылман «дельта» штамы өршіп жатқанда санитарлық талаптарды сақтай отырып, Құрбан айтты тойлады. Тұрғындар мешітке барып, құлшылық етті. Құрбан шалу орындарында адамдар арақашықтықты сақтауға тырысқан. Десе де, дәрігерлер мейрам кезінде елде коронавирус жұқтыру оқиғаларының көптеп тіркелуі мүмкін екенін ескертті.

Мысырлықтар да сақтық шараларын барынша ұстанды. Мешітке барғандарға бетперде кию қажеттігі ескертілген. Бұған қоса, қасиетті орындағы рәсімдер уақыты жағынан шектелді. Тұрғындар биылғы Құрбан айт мерекесінде шектеу шараларының күшейтілмегеніне көңілі толғанын айтады.

Ал, Ауғанстанда Құрбан айтты тойлау кезінде төтенше жағдай болды. Кабулдағы президент сарайы жанына айт намазы оқылып жатқанда үш бірдей зымыран құлаған. Құлшылық етуге Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен басқа жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Шабуылдан ешкім зардап шеккен жоқ. Зымырандарды кімдердің ұшырғаны әзірге белгісіз.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу