Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы ауылдарда биыл 15 жаңа үй бой көтереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы ауылдарда биыл 15 жаңа үй бой көтереді

26.06.2023

Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы ауылдарда биыл 15 жаңа үй бой көтереді. Оның үшеуі Новопокров елді-мекенінде салынып жатыр. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстарына жергілікті шаруашылықтан 200 млн теңге бөлінді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Нововпокров ауылының орталық көшесі. Ұзындығы 1200 метр. Кеңес заманында төселген асфальт әбден тозып, жұрнағы ғана қалған. Арада 30 жылдан артық уақыт өткенде биыл алғаш рет жөнделіп, көшеге жаңа асфальт төселмекші. Жобаның құны 92 млн теңге.

Орталық көшенің асфальты мемлекет қаржысына салынады. Мұның сыртында ауыл ішіндегі тағы бір шақырым жол жергілікті шаруашылықтың есебінен жөнделмек. Үш тұрғынүй салынып жатыр. Ал қаңырап тұрған ескі үйлер бұзылып, орны тазартылады. Көше бойына ағаштан және темірден екі шақырым қоршау орнатылады. Осы жұмыстың бәріне жергілікті шаруашылықтан 200 млн теңге бөлінген.

Владимир Демин, ауыл тұрғыны:

Өткен жылдармен салыстырғанда биыл оң өзгеріс көп. Көп жұмыс атқарылып жатыр. Біз әрине, бұған қуаныштымыз.

Әкімнің айтуынша, 500-ден астам тұрғыны бар ауылда жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер жоқ. Дені жергілікті серіктестікте еңбек етеді. Тағы бір шағын қожалық пен 3 жеке кәсіпкер бар. Одан қалды әркім өз үйінде қосалқы шаруашылығын жүргізеді.

Виктория Рубцова, ауыл тұрғыны:

Еңбектен қашпаған адамға ауылда жұмыс жеткілікті. Табысымыз да жаман емес. Мал, құс ұстағандар жергілікті шаруашылықтан жем-шөпті арзанға алуына болады. Енді тек су мәселесі шешілсе дейміз.

Аудан басшылары Новопокровқа орталық су желісін тарту жұмысы биыл басталып, келер жылы аяқталады деп отыр. Инфрақұрылымды жақсарту – ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпал етуі тиіс. Қазір мұнда агроном, мал дәрігері, мәдениет қызметкері тәрізді мамандар жетіспейді.

Ербол Боржақов, Новопокров ауылының әкімі:

Жас мамандар келсе үй береміз. Су тартылады биыл. Ауданнан көтерме жәрдемақы беріледі.

Жалпы Ұзынкөл ауданында биыл 6 ауылға сапалы ауыз су тартылып, 30 шақырымға жуық жол жөнделеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу