Қостанайда сумен қамту жобасы 2 жылға кешікті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда сумен қамту жобасы 2 жылға кешікті

23.06.2023

Қостанай облысының Ершов ауылын орталық су желісімен қамту жобасы 2021 жылы аяқталу тиіс еді. Бірақ қағаздағы жоспар іс жүзінде жүзеге аспады. Арада екі жыл өтсе де көшеге төселген құбырда су жоқ. 

Ұзынкөл ауданындағы Ершов ауылында ауыз су мәселесін шешу үшін 2019 жылы бюджеттен 1 млдр 224 млн теңге бөлінген. Жұмыс сол жылы басталып екі жылдан кейін аяқталуы тиіс болатын. Яғни, осы уақытта тұрғындар қаладағыдай шүмектен ағып тұрған суды тұтынуы керек еді. Алайда әлі күнге дейін жол жиегіне ыдыстарын шығарып, тасымал суды тұтынып отыр.

Ершов ауылында 300-ге тарта түтін бар. 800-ден аса адам тұрады. Ұзақ жыл су таситын көліктің жолын бағып келген жергілікті жұрттың орталық желі тартыла бастағанда қуанышында шек болмаған.

Гүлмайра Ерубаева, ауыл тұрғыны:

 Біз автоматты кір жуғыш машина сатып алуды жоспарлай бастадық. Үйіне қаладағыдай жуынғыш сатып алғандар да бар. Уәделі мерзімнен бері екі жыл өтті. Күтуден шаршадық.

Аудан басшыларының айтуынша, тендерді ұтып алған кәсіпорын жұмысты субмердігерге жүктеген. Кейін екеуінің арасында қаржыға байланысты кикілжің туып, субмердігер бәрін тастап тайып тұрған.

Серік Ахметов, ауыл тұрғыны:

 Мердігерлер ақшаны қайда жібергендерін білмейді. Сондай қалай? «Үкімет ақшаны берді, оны біз субмердігерге бердік», - дейді. Зардабын қарапайым халық тартып отыр.

Әкімдік жұмысты соңына жеткізбеген бас мердігерді сотқа беріп, қайта тендер жариялағанша арада бір жыл өткен. Қазір нысанда басқа кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 4,5 шақырым магистралды құбыр, ауыл ішіне 25 шақырым тарату құбыры тартылған. Орталық желіге 200-ден астам абонент қосылыпты.

Владимир Шерстюков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Мердігер кәсіпорынмен, тұрғындармен апта сайын кездесу өткіземіз. Жұмыс барысы жіті бақылауда. Жоспар бойынша нысан 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Алайда мердігер жұмысты шілде, тамызда аяқтаймыз деп отыр.

Қазір жоба бойынша соңғы нысан суды ауылға тарататын сорғы станциясының құрлысы жүріп жатыр. Жалпы Ұзынкөл ауданындағы 32 ауылдың жартысы сапалы ауызсумен қамтылған. Биыл олардың қатарына Ершовты қосқанда тағы 6 елдімекен қосылуы тиіс. Тек қағаздағы жоспардан тағы кілтипан шықпаса.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу