Электрлі самокаттардың қозғалысы заңмен реттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электрлі самокаттардың қозғалысы заңмен реттеледі

22.06.2023

Сенат электр самокаттарының қозғалысын реттейтін заңды мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Құжат күшіне енсе самокат иелеріне бірқатар шектеу қойылмақ.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұдан былай самокат тізгіндейтіндердің жасы 18-ден асқан және қолында жүргізуші куәлігі болуы шарт. Яғни, бұл жеңіл көлік түрін бұрынғыдай екінің бірі пайдалана алмайды деген сөз. Ал жол қозғалысына ілесу арнайы шлем мен киім кию міндеттелмек. Сондай-ақ тротуарлар арқылы самокат иелері 6 шақырым жылдамдықпен ғана жүре алатын болады.

Ал веложолақтар мен жол жиегінде сағатына 25 шақырымға дейін үдетуге рұқсат етіледі. Алайда депутаттар заңның дәл осы тұсына күмән келтіріп отыр. Полиция өкілі де жылдамдықты бақылау техникалық жағынан мүмкін емес екенін мойындайды. Жол апаты болған жағдайда ғана арнайы сараптама жүргізіп, самокаттың жылдамдығы қанша болғанын анықтауға болады екен. Жүргізушіні сол кезде ғана жауапқа тартады.

Жалпы бұл заңға қатысты сын әлі де көп. Жаңа ережеге экологиялық көлік құралын жалға беретін компаниялар да қарсы шыққан еді. Олар самокатқа сұраныс азайып, қып-қызыл шығынға батамыз деп шағымданған. Қалай болған да сенаторлар құжатты мақұлдап отыр. Себебі соңғы уақытта транспорттың бұл түріне бақылау жасау әбден қиындап кеткен. Биыл 5 айдың өзінде самокаттаршылардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қайтыс болған екен.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу