Алматыдағы атышулы «Алтын орда» базарынан тағы да шу шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы атышулы «Алтын орда» базарынан тағы да шу шықты

20.06.2023

Алматыдағы атышулы «Алтын орда» базарынан тағы да шу шықты. Белгісіз бір топ сауда нысанының күзет қызметін қолына алмақ болып, басшылар мен күзетшілерге қоқан-лоққы көрсеткен. Желіде бір топ ер адамның «Алтын орда» базары маңын торуылдап жүргені туралы түрлі бейжазбалар тарады. Базар басшылығының сөзінше, бұл адамдар базардың күзет қызметін өз қолдарына алу үшін келген.

Ермек Омаров, «Алтын орда» базарының атқарушы директоры:

Келіп, біздің базарды күшпен тартып аламыз деген талаптары бар. Қорқытып жатыр. Біз базарды аламыз, болмаса құртамыз деп. Біз енді оның барлығының сот арқылы заңды түрде шешілетініне сенеміз.

Оншақты ер адамның базарды айналшықтап, күзетшілерді қорқытып, үркітіп жүргеніне бір аптадан асыпты. Өздерін «Алтын орданың» жаңа күзет қызметіміз дегендердің қолында заңды құжаты жоқ көрінеді. Шабуыл ұйымдастыра ма деп қауіптенген қарауыл қызметі күні түні көз ілмей кезекшілік атқаруға көшіпті.

Әсет Егінбаев, күзетші:

Кезек-кезекпен үйге барамыз. Үш-төрт күн болды жігіттер үйге бармағанына. Егер кетпейтін болсаңдар, біз сыртта бір газель спецназдар тұр. Өз еріктеріңмен кетіп қалуларыңа болады деп сондай қорқытып үйрелендірді.

Базар басшылығы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, облыстық полиция департаментіне дейін 70 түрлі арыз жаздық дейді. Бұл мәселеден құзырлы органдар да хабардар.

Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі уақытта Қарасай ауданының ПБ қызметкерлері аталған фактіні тексеру іс-шараларын жүргізуде. Жағдайды тескеру нәтижелері бойынша оқиғаны обьективті және жан-жақты зерттеу үшін құқықтық баға берілетін болады.

«Алтын ордада» 5 мыңнан астам сауда орны бар. Онда 50 мыңға жуық саудагер өз ісін дөңгелетіп отыр. Алматы қаласы мен аудандарға жіберілетін көкөністің 40 процентін, бөлшек сауданың 70 пайызын осы базар қамтиды. Яғни жыл сайын миллиардтаған теңге пайда әкеледі. Сондықтан болса керек, базар айналасындағы дау-дамай ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу