«Балқаш Жылу» серіктестігінің бұрынғы басшылары жалпы сомасы 677 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агентігінің дерегінше, олар 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта қаланың жылу тораптарын жөндеуге және күтіміне арналған бюджет қаражатына қол салған. Соның салдарынан бұл жұмыстар уақытылы атқарылмай келген. Себебі қаланың жылу мәселесіне қатысты тұрғындардың шағымы өте көп. Сыбайлас жемқорлыққа кінәлі деген күдікпен ұсталған тұлғалар тергеу изоляторына қамалды.
Әлібек Әділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
Бюджет қаражатын жеке шоттар мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған. Аталған тұлғалар ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу судьясы екі ай мерзімге қамау шарасын санкциялады. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Руслан Нұрланұлы