Басты Жаңалықтар Ақтөбеде әр салада жетістікке жеткен жастар марапатталды

Ақтөбеде әр салада жетістікке жеткен жастар марапатталды

Ақтөбеде әр салада жетістікке жетіп үлгерген жастар марапатталды. Өңір басшысы Асхат Шахаров халықаралық жастар күніне орай «OPEN TALK» форматында кездесу ұйымдастырды. Шараға волонтерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, мәдениет, білім беру, IT саласының мамандары мен жастар ұйымдарының өкілдері шақырылды.

Бұл кездесу саябақ аумағында, еркін форматта өтті. Жастар облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойды, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ аймақ дамуына қатысты тың бастамаларымен бөлісті. Кездесуге жиналғандардың арасында білімімен ғана емес, талантымен танылып жүрген жастар да бар.

Аманжол Исламғали, ақын:

Қазіргі таңда ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан жазушылар одағының арасында стратегиялық байланысты нығайту мақсатында жүзеге асып жатқан «Қазақстанның танымдық панорамасы» жобасына қатысып жатырмын. Бүгінгі таңда шығармашылықпен айналысып жүрмін. Болашақта, жылдың аяғында кітабым шығады.

Өңір халқының 30 пайызы – жастар. Олар әр салада табысты еңбек етіп жүр. Жаңа идеяларымен, тың бастамаларымен оза шауып, үлкен жетістікке жеткендері де аз емес. Білімімді жетілдіремін, жаңа іс бастаймын дегендерге әкімдіктен қолдау бар. «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істейді.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

Мемлекет басшысы үнемі барлық оң өзгерістерді, үндеулерінде, жолдауында да жастармен ұштастырып, сіздер үшін деп үнемі айтады. Жаңа конституция дейміз, соған байланысты қаншама өзгерістер, заңнамалар, заңдар өзгеріп жатыр. Барлығы да болашақта осы жастар үшін, жастар пайдаланады.

Мерекелік кеште әр салада зор жетістікке жеткен жастар марапатталды. Аймақ басшысы кездесуге келген 100 белсенді жастың әрқайсысына естелік ретінде отандық авторлардың кітаптарын табыстады.


Бөлісу