Абай облысы: Өртке қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарау тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысы: Өртке қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарау тапсырылды

13.06.2023

Абай облысындағы орман өртінің ауқымын екі министрлік алдын-ала білген. Бірақ дұрыс баға бере алмаған. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін осындай мәліметтерді бөлісті.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бүгінгі Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады. Елдімекендерге қазір қауіп жоқ екенін жеткізді. Ал Үкімет басшысы орман өрті енді басталған кезде тілсіз жауды сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керектігін алдын-ала ескерткенін еске салды. Сондай-ақ Әлихан Смайылов «техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді», - дейді. Енді әрине, уақытты кері қайтару мүмкін емес.

Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне өртке қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауды тапсырды. Ал Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр өрттің ауқымына әуел бастан дұрыс баға берілмегенін айтады. Қызыл жалын тараған күні желдің екпіні секундына 28 м, ал күн 38 градус ыстық болған.

Роман Склярдың сөзіне қарағанда, 8 маусымда өрттің басталғаны туралы Қазғарыш мәліметі бірден Экология министрлігіне де, ТЖМ-ге де жеткізілген. Алайда олар тілсіз жаудың ауқымына дұрыс баға бере алмаған. Ал Ішкі істер министрі қазір өрт қасақана қойылған деген нұсқаны тексеріп жатыр.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу