Кристалина Георгиева: Инфляцияны өршітпес үшін салық-бюджет және ақша-несие саясаты бірге жүргізілгені дұрыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кристалина Георгиева: Инфляцияны өршітпес үшін салық-бюджет және ақша-несие саясаты бірге жүргізілгені дұрыс

11.06.2023

Форум үшін келген маңызды қонақтардың бірі - Халықаралық Валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева. Ақордада Президент қабылдауында ол «Әлемдегі бағыт-бағдарымызды айқындау үшін осындай диалог алаңдарының болуы өте маңызды», - деген екен.

Ал Назарбаев университетінің ұжымы мен студенттерінің алдында сөз сөйлегенде Орталық Азия мен Кавказ елдерінің экономикалық реформаларына «алтын әлеуеті бар» деген баға береді. Бұл аймақтың талай күйзелістен өткеніне де ерекше тоқталады.

«Сіздер 90-шы жылдардың басында менің туған елім Болгариядағыдай күрт өзгерістерді бастан өткердіңіз. Мен азаматтардың мұндай реформаларды бастан кешіруінің қандай болатынын білемін», - деп атап өтті Кристалина Георгиева.

Қор директорының 90-шы жылдардағы тоқырауды еске алуы кездейсоқ емес. Қазіргі дағдарыс та осал емес. Бұған дейін Кристалина Георгиева әлемдік экономика баяу өсетінін және бұл бірнеше жылға созылатынын мәлімдеген еді. Алдағы 5 жылда әлемдік экономика орташа есеппен 3 пайызға ғана өседі деген. Бұл - Халықаралық валюта қорының 1990 жылдан бергі ең жағымсыз болжамы.

2020 жылы басталған пандемияға Украинадағы соғыс қосылды. Жаһандық өсу қарқыны 2021 жылы 6,1%, 2022 жылы 3,4% құраса, биыл 2,8%-ға дейін баяулады. Ал Орталық Азияда өсу қарқыны жаһандық көрсеткіштен жоғары, дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені қазір Орталық Азия елдеріне климаттық дағдарыстың да теріс әсері бар. Жыл өткен сайын оның салдары ауырлай түседі. Соңғы уақытта аптап ыстық, су тапшылығы сияқты мәселелер бірінен соң бірі шығып жатқанын көріп отырмыз...

Халықаралық Валюта қорының рөліне тоқталсақ... Кристалина Георгиева еске алған 90-шы жылдары Қор тәуелсіздігін енді алып, абдырап қалған Қазақстанға ақша-несие саясатын қалыптастыруға, Ұлттық банкке төлемдік баланс бойынша техникалық көмек көрсетті. Инфляцияны жүйелеу, болжау сияқты маңызды сауалдар бойынша ұсыныстарын айтып келді. Жалпы, Халықаралық валюта қорының ең негізгі миссиясы да сол: қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықаралық сауда-саттықты дамыту, кедейлер санын азайту. Ұйымға 184 мемлекет кірсе, солардың әрқайсысына қол ұшын созу. Дағдарысқа тап болса, кеңес беру. Төлем қабілеті төмендесе, несиемен көмектесу.

Қазақстанның экономикалық өсімі бойынша Халықаралық Валюта Қорының болжамы жаман емес. Бірақ болжам шындыққа айналуы үшін не істеу керек? «Еуропаның жыл адамы» атанған әрі Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең күшті 100 әйелдің бірі саналатын Кристалина Георгиева бұған қатысты ұсынысын айтты. «Апта»-ға берген арнайы сұхбатын көріңіздер.

Welcome to Kazakhstan. Қазақстанға қош келдіңіз! Кристалина ханым, Халықаралық Валюта қорының басқарушы директоры ретінде сіз Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға да алғаш рет келіп отырсыз. Алдымен сапардың негізгі мақсаты жөнінде айтып кетсеңіз...

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

Мұнда келуімнің басты себебі: аймақтағы мемлекеттердің экономикасы қалай дамып жатқанын, қандай нәтиже бар екенін көріп-білу. Осында келгелі естіп, көргенімнің бәрінен үлкен әсер алып жатырмын. Бұдан бөлек, сапарымның тағы бір мақсаты - Астана халықаралық форумына қатысу. Әлемдік экономика қиыншылыққа тап болып, дүниежүзі шиеленіс кезеңінде өмір сүріп жатқанда диалог орнату үшін мұндай алаңның қажеттілігі артады. Сонымен қатар Әлеуетті дамыту жөніндегі техникалық көмек көрсету орталығының ашылуына қатысу үшін келдім. Аймақтық орталық - ең жаңа әрі ең жас. Ол Алматыда орналасқан. Бұл орталық Орталық Азия мен Кавказ елдерінің бәрі үшін жұмыс істейді. Қазақстанның осы жобаның жүзеге асуы үшін атсалысып, едәуір қаржылық қолдау көрсеткенін де атап өткім келеді.


Жыл басында ХВҚ миссиясы Қазақстанда жұмыс істеді. Қор мамандары Қазақстанның бюджет саясатын қалай бағалап отыр? ХВҚ-ның болжамына сай, Қазақстанның ЖІӨ биыл 4,3 пайызға дейін өседі. Сіздің ойыңызша, осы өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстан қандай қадамдар жасауы тиіс?

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

Қазақстанның экономикалық саясаттағы жетістіктерінен Халықаралық валюта қорының миссиясы үлкен әсер алғанын атап өткім келеді. Енді біз Қазақстанның жалпы ішкі өнімнің өсімі бойынша биылғы болжамды жаңартуды жөн көріп отырмыз. Неліктен? Өйткені біз әлемде бірінен соң бірі болып жатқан тосын жағдайларға қарсы бұл мемлекеттің қандай шаралар қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан экономикасын диверсификациялау бойынша және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанын да білеміз. Ал ақша-несие саясатына келсек, Қазақстанның Ұлттық банкі ұстанған бағыты инфляция деңгейін төмендету бойынша тиімді екенін көрсетіп жатыр. Былтыр ақпан айында Қазақстандағы инфляция деңгейі 21 процент болғанын білесіздер. Қазір қабылданған шаралар арқасында бұл көрсеткіш төмендей түсті. Биыл инфляция деңгейі 17 процент болып тұр. Ал экономикалық саясат бойынша ұсыныстарыма келсем, ең біріншісі мынадай: инфляцияны өршітіп жібермес үшін салық-бюджет саясаты мен ақша-несие саясаты бірге жүргізілгені, яғни, теңгерім сақталғаны дұрыс. Бұл ақша-несие саясаты қатайып, пайыздық бәс өзгеріп жатса, салық-бюджет саясатында шамадан тыс шығындарды тежейді. Ал екініші ұсынысым: құрылымдық реформаларды жалғастыра беру. Бұл жылдам өзгеріп жатқан әлемдік жағдайға қарамастан, Қазақстанның дамып, жақсы нәтижелерге жетуіне сеп болады.

Бірқатар қазақстандықты жанама санкция мәселесі мазалайды. Бұл қаншалықты мүмкін? Украинадағы соғыстың салдарын азайту үшін Қазақстан не істеуі керек? Және Орталық Азия аймағы экономикасының дамуына қандай болжам жасай аласыз?

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

Әрине, іргеде соғыс болып жатса, оның Қазақстанға әсер етпей қоймайтыны анық. Сондықтан Қазақстан оның салдарын мейлінше азайтуға талпынуы тиіс. Ол жанама санкцияларды болдырмай, өзін ондай қауіптен сақтау үшін салынған санкцияларды сақтап, бұл шешімдерге құрметпен қарағаны дұрыс. Енді қазір Орталық Азия аймағында жүргізіліп жатқан саясаттан мынаны байқап отырмыз: мемлекеттер қадамдардың мейлінше үйлесімді болуына мүдделі. Біріге отырып, ортақ шешімдердің арқасында әр мемлекеттің экономикасын ғана емес, тұтас аймақ экономикасын жақсартуға талпыныс бар. Сонымен қатар, мемлекеттердің жанама санкциялар қаупін болдырмау үшін күш салып жатқаны да сезіледі.

 

Хабарламаларға жазылу