Президент қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

11.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. «Президент жанынан арнайы қор құрылады. Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, жоғары оқу орындарына орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын.

Президентке Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы туралы баяндады. Мемлекет басшысы өртенген орман алқабын тікұшақпен аралап шықты. Қазір 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Қызыл жалынды сөндіруге 300-ге жуық техника, мың жарымға жуық адам мен 11 тікұшақ жұмылдырылған.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу