Канададағы орман өрті басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Канададағы орман өрті басылмай тұр

09.06.2023

Канададағы орман өртінен шыққан түтін АҚШ-ты торлауын тоқтатқан жоқ. Елдің солтүстік-шығысы мен Атлант мұхиты бағытындағы ірі қалаларды басып үлгерді. Көк түтіннен ауа сапасы күрт нашарлап, 100 миллионнан астам адамның денсаулығына әсер етіп жатыр. 

АҚШ жұрты 3 күннен бері түтіннен зардап шегіп жатыр. Кеше Нью-Йорк пен Вашингтонды торлап, тұрғындар ыстың иісін сезген еді. Бүгін жел соғып, шаһарлардың көгі біраз сейіліп қалды. Десе де ауа зиянды заттардан толық тазарған жоқ. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарды, әсіресе демікпесі бар жандарды мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға шақырды. Мұндай хабарламаны оннан астам штаттың халқы да алды. Ал денсаулығына алаңдаған жұрттың бір бөлігі амалсыз бетперде киюге мәжбүр. Шенеуніктер ауадағы зиянды заттар әлі бірнеше күн сақталуы мүмкін деп отыр.

Кири Байрд, Филадельфия тұрғыны: 

Ауада токсиндердің бары мені алаңдатады. Себебі 80 жастағы әжем бар. Өзі науқас адам.

Брайан Вестлейк, Флорида тұрғыны: 

Иіс сезіледі, бірақ қолқаны алып бара жатқан жоқ. Бірақ түтін фото түсіруіме кедергі келтіріп жатыр. Капитолий ғимаратын көре алмай тұрмын.

Көру мүмкіндігі нашарлаған соң Федералды Авиация Әкімшілігі 2 күннен бері әуе қатынастарын шектеп жатыр. Кеше Нью-Йорк пен Нью-Джерси әуежайларындағы барлық рейстер кейінге қалдырылса, бүгін Филадельфия халықаралық әуежайынан жүздеген жолаушылар ұшағы ұшпай қалды. Елдің орталық бөлігіндегі штаттар да осындай күйге тап болуы мүмкін. Себебі синоптиктер желдің екпінімен түтін бастыстан шығысқа қарай жылжып бара жатқанын айтады.

Питер Муллинакс, АҚШ Ұлттық ауа-райы қызметінің метеорологы:

Қазір солтүстіктен соққан желдер АҚШ-тың орталық және шығыс бөлігіне көбірек бағыт жатыр. Яғни түтінді Атлант мұхитының солтүстігіне немесе Гренландияға жаққа қарай емес,  АҚШ-тың орталық және шығыс бөлігіне бұрылды және бұл ауа ағыны бірнеше апта сақталатын секілді.

Халықаралық ғарыш стансасынан түсірілген спутниктік суреттерден де түтіннің АҚШ-қа қалай тарап жатқанын көруге болады. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын қою түтін Солтүстік Американың Ұлы көлдер аймағын көктей өтіп, Пенсильвания штатына дейін созылып жатыр. Ал скандинавтық ғалымдар Канададағы орман өртінің түтіні бүгін Норвегияға дейін жеткенін мәлімдеді.


Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу