Әлемнің бірқатар елінде аптап ыстық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің бірқатар елінде аптап ыстық

18.07.2023

Әлемнің бірқатар елінде де, аптап ыстық. Қытай мен АҚШ-та ауа температурасы 50 градустан асты. Орман өрті дес бермей жатқан мемлекеттер де, бар. Ауа-райы болжамы да көңіл көншітерлік емес. Ыстық ауа райы алдағы күндері де жалғасуы ықтимал. Америка Құрама Штаттарының 38 қаласында күн ерекше ысып кетті. Ұлттық ауа-райы қызметінің мәліметінше, Лас-Вегас, Невада, Фениксте сынап бағанасы +47 градусты көрсетіп тұр. Ең ыстық ауа температурасы Калифорниядағы өлім жазығында тіркелді. Мұнда аптап +53 градустан жоғарылаған. Көршілес Канададағы орман өртінен шыққан түтін жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Мамандар ыстың иісі адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін дейді.

Кейт Мослей, Майами тұрғыны:

Күн шынымен де ыстық. Бір қарағанда ауа-райы тамаша, мұхит тыныш, жүзуге қолайлы сияқты. Дегенмен күннен күйіп кету қаупін ұмытпаған абзал.

Ал Қытайда ең жоғары ауа температурасы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында тіркелді. Мұндағы Саньбао ауылында термометр көрсеткіші 52,2 градусқа дейін көтерілген. Осыған байланысты тұрғындар үйден шықпай, қашықтан оқуға және жұмыс істеуге мәжбүр. Аптап ыстық зообақтағы жануарлар үшін де оңайға соқпай тұр.

Лю Кацю, зообақ қызметкері:

Олар күн сайын шомылады. Салқындап, рахаттанады. Қарбыз, алма және басқа да жеміс береміз.

Палестинаның Газа секторында ахуал тіптен күрделі. Аптап ыстық кезінде 2 млн 300 мыңнан астам адам күніне 12 сағат бойы электр жарығынсыз қалған. Ашынған халық жергілікті зауыттан электр қуатын көбірек өндіруді талап етіп отыр.

Салах Әбдел-Аати, журналист:

Бізге электр қуаты тек 4-5 сағатқа беріледі. Алайда бұл жеткіліксіз. Адамдар ыстыққа төзбей, еденде ұйықтауға мәжбүр. Ешкім біздің жағдайымызды ойламайды.

Шілденің шіліңгір ыстығы еуропалықтарды да әбігерге салды. Италия, Испания, Грекияда ауа-температурасы 40 градустан асты. Егін алқаптары қурап кеткен. Ауа-райы болжамына сай ыстық әлі бірнеше күнге жалғасады. Оның үстіне өңірдің бірқатар елінде орман өрті дес бермей жатыр. Мәселен Грекия аумағында 81 өрт ошағы тіркелген. Оның ең ірісі ел астанасы Афины маңында. Ғалымдар күннің осыншама қатты ысуын, орман өртінің жиілеп кетуін климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу