Отандық кинологтар алдында үлкен міндет тұр. Ол – тазы мен төбетті қазақы ит ретінде халықаралық деңгейде ресми түрде рәсімдеу. Мемлекет басшысы тазының саны сиреп, төбеттің тұқымы құрып бара жатқанын айтқаннан кейін, бұл шару Президент іс басқармасына жүктелген. Нәтижесінде Қазақстан кинологтар одағы қайта құрылған болатын.
Нұрмұханбет Маханов осыған дейін қазақы төбеттердің популяциясын дамытумен айналысқан. Қазір тек тазыны жаңғыртып жүр. Оның айтуынша, төл тұқымды әлемдік реестрге тіркеу бастамасы көтерілгенге дейін саятшылар талай қиындыққа тап болған.
Нұрмұханбет Маханов, саятшы:
Тазымен айналысуды бастап жүрген кезде инспекторлардың өзі тазының бәрін құрту керек дейтін. Себебі, олармен аңға шығуға лицензия алуға ақша керек, одан қалса тазы аңның бәрін үркітеді, құрту керек дейтін. Қазір тазымен жүрсең онша тиіспейді. Әйтпесе, бұрын тазымыз аң алмаса да, атымыздың қасында жүрсе келіп, айыппұл салып кететін тазың бос жүр деп.
Қазақы тұқымдардың жойылып кету қаупінің бір себебі ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік қолдаудың болмауы дейді мамандар. Енді шілде айында қазақы ит тұқымдарымен айналысатын Ұлттық орталық ашылмақ.
Андрей Ким, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары :
Ұлттық орталық қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсірумен айналысады. Кинолог мамандар да оқытылады. Сонымен қатар, таза қанды тұқымдарды дамытып, куәліктерін дайындап, бірыңғай «шежіресін» жасауды қолға алады.
Тазы мен төбетті мойындатуда қан тазалығы, үш рет күшіктегенге дейін тұқымның сақталуы және жүйелі қалыптасқан стандарты ескеріледі. Халықаралық ұйым талабы осындай.
Бауыржан Серікқали, «Қазақстан кинологтар одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
Қазақы таза халықаралық кинология федерациясының номиналды тізіміне енді. Соған сәйкес тазы туралы мәліметтер халықаралық ұйымның сайтына жарияланды.
Енді сарапшылар мұндай ит тұқымы бар екенін біліп қана қоймай, халықаралық көрмелерде тазыға төрелік те жасай алады. Бір сөзбен айтқанда тазы мен төбеттің иесі қазақ екені әлемдік деңгейде нақтылануы керек. Алайда халықаралық кинологиялық федерацияға толықтай мүшелікке өтпейінше бұл мәселе шешілмейді. .
Серік Селеубайұлы