Халықаралық AgroLeague сайысы өтті
Жамбыл облысы, Меркі ауданында республика күніне орай жастар арасында жер жыртудан халықаралық AgroLeague жарысы өтті. Алқапқа соқа салып сайысқан студенттер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан бөлек еліміздің бірнеше өңірінен келді.
Ауыл шаруашылығын механикаландыру бойынша білім мен білікті дамыту мақсатында өткен байқауға 16 студент қатысты. Олар алдымен №9 Меркі колледжінің егіс тақтасындағы 1 шақырым жерді түзу әрі таза жырту бойынша сынға түсті. Талап бойынша соқа тісі 30 см тереңдікке түсуі керек. Сондай-ақ олардың шеберлігі 12/21 және МТЗ тракторы мен комбайн оталдыру, қозғалту, бұру бойынша бағаланды. Бас-аяғы байқау шөп баулау, соқа салу, техника агрегаттарын ағыту секілді бес бағытты қамтыды.
Фахретдин Қамаладинов, студент /Өзбекстан/:
Бұл ауыл шаруашылығын әр елде көбейтуіміз керек. Біз сияқты мықты-мықты мамандар болса әр елде, ауыл шаруашылығы дамиды. Осындай конкурстар Қазақстанда ұйымдастырып жатқанына сонау біз Ташкенттен келіп тұрмыз қатысу үшін. Барлығы жақсы, барлығы әділ түрде өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылар бұл байқау болашақ агро сала мамандарының тәжірибе алаңына айналып келе жатқанын айтты. Енді егіс басындағы ерекше сайысты шетелдіктер өз елдерінде өткізуге ниетті. Айта кетейік, аймақта 42-і орта оқу орны бар десек, оның 12-сі агро сала мамандарын даярлайды.
Раиля Камалова, Оңтүстік Орал агроөнеркәсіп колледжі директорының орынбасары /Ресей/:
Біз осылай шетелдегі ерекше жарысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Осындай деңгейде халықаралық сайыс өткізген ұйымдастырушыларға рахмет. Студенттерімізге агро саланың қайнаған өмірін көзбен көрген расында қызық болды. Мұндайға біз шыға бермейміз. Біз биыл Челябинск облысындағы колледжімізге агродрондар мамандығын қостық. Енді осы бағытта жарыс өткізіп, тәжірибе алмасуға шақырамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы