Келесі жылы "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы іске қосылып, халыққа қызмет көрсете бастайды. Ескеретіні, құрылыс демеушілер қаржысына салынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі мәлімдеді. Өңірде тағы қандай инфрақұрылымдық жобалар жасалып жатыр. Биыл Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд. теңгеге жетті. Бұл былтырмен салыстырғанда 53 пайыз көп. Соның арқасында пайдалануға берілген тұрғын үйлер, сауда, инвестициялар тарту және құрылыс жұмыстарының көлемі артқан. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің алдында жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 87 пайызын жақсы жағдайға жеткізу мақсаты тұр. Оған биыл 38 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Аймақ үшін өзекті жобаларымыздың бірі, бұл Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы. Аталған жолдың біздің өңірдегі ұзындығы - 216 шақырым. Осы жылы 140 шақырымнан астамы аяқталады деп күтілуде.
Облыс бюджетін 64 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бірақ аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге бұл қаражат жеткіліксіз. Сондықтан өңір басшылығы облыстағы жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлердің көмегіне жүгінеді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Өңірде «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елін көркейтуге үлес қосуда. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 30 млрд. 100 млн. теңгенің жобалары жүзеге асуда.
Оның ішінде 2024 жылы мамырда ел игілігіне берілетін «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, қаладағы «Анаға тағзым» орталығы, орталық алаң, Оқушылар сарайы бар. Сонымен қатар облыс аумағында кәсіпкерлердің қаражатына саябақтар, спорт алаңдары мен мектептер салынбақ. Ескеретін жайт, биыл Қызылорда облысы 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, республика бойынша үздік нәтиже көрсетті.
Серік Селеубайұлы