Ақмола облысында электр желілеріндегі ақаудан 60 үй өртенген
Ақмола облысында жыл басынан бері электр желілерінің қысқа тұйықталуынан 60 үй отқа оранған. Өрт салдарынан шаңырақтары күлге айналып, далада қалған жұрт қайда барып, кімге шағымданарын білмей отыр. Ал жарыққа жауапты мекеме мамандары жауапкершілік халықтың мойнында,-дейді. Әр түрлі ұлттан төрт баланы асырап алып, бауырына басқан Шұбаевтар отбасы бір-ақ күнде баспанасыз қалды. Әп-сәтте, дүние-мүлкінен айырылған жанұя қазір жалдамалы пәтерді жағалап жүр. Абырой болғанда, адамдар аман.
Нұргүл Шұбаева, өрттен жапа шегуші:
Мен жұмыста болған кезде хабарласты. Үйің өртеніп жатыр деп. Жолдасым, балаларым үшін қорқып қалдым. Үйге келсем, жарты сағаттың ішінде үйім бәрі жанып кетіпті.
Роман
Ойыншықтарымыз, киімдеріміз барлығы жанып кетті. Өрт шыққан кезде үйде болғанбыз. Жүгіріп шықтық. Қайтадан балалар үйіне жібереді ме деп те қатты қорықтық.
От тапа-тал түсте электр бағаналарынан тартылған сымнан тұтанған. Оны үйге дейін өткізген жарыққа жауапты мекеме мамандары. Сондықтан жауапкершілік те солардың мойнында болуы тиіс,-дейді ашынған халық.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Тұрғын үйдің қос қабатты болғанын мына баспалдақтарға қарап қана аңғаруға болады. Өйткені, тілсіз жау барлығын толығымен жалмап кеткен. Ал біріншісінің қабырғасы қалғанымен төбесі жоқ.
Сексенді алқымдаған Лидия Угоеваның да баспанасы жартылай өртенген. От электр желілерінен тұтанып, аз уақыт ішінде үйдің шатырын шарпып кетіпті.
Лидия Угоева, өрттен жапа шегуші:
Үйден шықсақ, от электр бағанасынан тартылған сымнан тұтанып жатыр екен. Мұндай жағдай бізде жиі болады. Құтқарушылар келіп, өртті сөндіріп, электрлер сымдарды жөндеп кетсе де, бір-екі сағаттан кейін от қайтадан тұтана бастады.
Жыл басынан бері облыс орталығында жарық желілеріндегі ақаудан 18 үй отқа оранған. Өрттен зардап шеккендерге ешқандай материалдық көмек те көрсетілмепті. Өйткені, үйдің ішіндегі электр жабдықтарының барлығы тұрғындардың жекеменшігінде,-дейді жарыққа жауапты мамандар.
Данияр Үсембаев, «Көкшетау Энерго» серіктестігі бөлімшесінің бастығы:
Электр энергиясын пайдалану қағидалары бар. Біз сол бойынша жұмыс істейміз. Заңға сәйкес, үйдің ішіне тартылған электр желілері мен қондырғылары тұрғындардың жекеменшігінде. Барлық жауапкершілік те солардың мойнында.
Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы жарық желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Электр бағаналарындағы сымдардың тұйықталуы да соның салдарынан,- дейді тұрғындар. Алайда қызыл жалыннан жапа шеккен халық оны дәлелдей алмай келеді.
Ұмсындық Наурызбаева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы