Қостанай облысының Алтын дала ауылында мектепті небәрі үш оқушы аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Алтын дала ауылында мектепті небәрі үш оқушы аяқтады

01.06.2023

Қостанай облысының Алтын дала ауылында 11 сыныпты үш-ақ оқушы тәмамдады. Облыстың шалғайдағы үш елдімекенінде мектепті бір оқушыдан ғана аяқтаған. Ал, жалпы өңірде 1700-ге жуық ауыл баласы мектеп бітірді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Алтын Дала ауылындағы мектептің тарихя 1949 жылдан басталады. Осы жылы жергілікті педагог Қадір Кәрімұлы білім ошағының іргетасын қалаған. Ал мына қазіргі ғимарат 1964-ші жылы салыныпты. Ауылдың алғашқы ұстазы Қадір Кәрімұлының атында.

Бүгін оқушы ретінде ұстаздарының тәлімін соңғы рет тыңдап отырған түлектердің көңілінде қимастық бар. Сәлден соң соңғы қоңырау соғылады. Қадір Кәрімұлы атындағы мектепте 150 оқушы болса, соның үшеуі биыл алтын ұяларынан түлеп ұшады. Небәрі үш жеткіншектің 11 сыныпты аяқтауы білім ошағы тарихындағы бірінші жағдай.

Гүлбаршын Қаженова, мұғалім:

Бұған дейін 2020 жылы 5 түлек бітірді. Негізі көп балалар 9-сыныптан кейін кетіп қалады. Ол оқушылардың өзіне тиімді деп ойлаймын. Өйткені ҰБТ қиындық тудырады көбіне шамасы.

Мектепте 13 оқу озаты, 30-дан астам екпінді бар. Салтанатты жиында оларға арнайы марапат грамоталары тапсырылды. Ал мектеп бітіріп жатқан үш оқушының екеуі екпінді. Түлектердің алдында енді таңдаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орнына түсу межесі тұр.

Фарида Мұхтарова, мектеп бітіруші түлек:

Мен дәрігер болуды қалаймын. Бала кезгі арманым. 7 сыныптан бастап таңдап қойдым.

Облыста биыл барлығы 4066 бала 11 сыныпты тәмамдады. Оның 1677-сі ауыл балалары. Ал Алтын Дала ауылында 9 сыныпта оқитын 14 оқушының 9-ы мектеппен қоштасты. Яғни 11 сыныптың үш түлегімен бірге олар үшін де бүгін соңғы қоңырау соғылды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу