Алматы облысының 14 мың тұрғыны ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының 14 мың тұрғыны ауыз суға жарымай отыр

01.06.2023

Алматы облысының Бесағаш ауылында көпқабатты тұрғын үйлердің халқы ауыз суға жарымай отыр. Тіршілік нәрі күніне екі-ақ рет беріледі. Үлгермегендер ағайын-туысы мен дүкен жағалап кетеді. Маңайдағы жер үйлер де судан таршылық көріп отыр. Өйткені, 14 мың тұрғынға бір ғана резервуар қаралған. Ал суға жауапты компания қарызға белшесінен батқан. Бес баланың анасы Гүлмира Әлімжанова тіршілік нәрінің жетіспеушілігі өмірімізді қиындатып отыр дейді. Күнделікті бірін балабақшаға дайындап, екіншісін мектепке аттандыратын көпбалалы ана судың зардабы жанға әбден батқанын айтады.

Гүлмира Әлімжанова, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Міне, ыдыстарымның бәрі тұр. Мынадай ыдыстарға құйып аламызда ыдыс жуамыз, әжетханаға барамыз. Көпқабатты үйде сусыз қандай қиын екенін білесіздер.

Көршілес орналасқан көпқабатты үйлердегі тұрғындардың да көрген күні осы. Бірнеше рет мәселені көтергенімен еш нәтиже жоқ.

Айгүл Ымыраева, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Не кір жуа алмаймыз, не тамақ істей алмаймыз. Менің тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Күнде әне-міне. Ештеңе жылжып жатқан жоқ. Мына кісі 15 жыл тұрады, 15 жылдан бері сол су, сол проблема.

Мәселеден жергілікті құзырлы органдар хабардар. Бірақ ештеңе істей алмай отыр. Бесағаш ауылының тең жартысын сумен қамтитын жеке компания тіршілік нәрін Құлжа күре жолының бойындағы магистральды құбырдан тартады. Ол құбыр 55 жылдан бері жаңартылмаған. Әрі диаметрі тым кішкентай, сондай-ақ құбырға заңсыз қосылғандар көп. Сондықтан резервуарға жиналатын судың мөлшері тым аз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұл Бесағаш ауылындағы негізгі екі резервуардың біреуі. Сыйымдылығы 1800 текше метр. Бірақ ешқашан лық толған емес. Өйткені мұндағы тіршілік нәрін 14 мыңнан астам адам тұтынады. Тиісінше үнемі су жетіспейді. Тұрғындар қолдан құдық қазайын десе, ішуге арамды тіршілік көзі 280 метр тереңдікте жатыр.

Ауылды сумен қамтамасыз етіп отырған «Тас-құм су» серіктестігінің басшылары құбырды алмастыруға қаржы жоқ дейді. Компанияның қазір «Алматы су» мекемесіне 100 млн теңгеге жуық берешегі бар.

Ернар Татанов, «Тас-құм су» ЖШС ресми өкілі:

Соңғы үш жылда 300-ден астамсудың жарылуы, апаттық жағдай дейміз ғой. Соны жөндеп келе жатырмыз. Қазіргі таңда да оншақты апаттық жағдай тіркелген. Қазіргі таңда 2055 абонентіміз бар. Олардан жиналатын ақша тек қана коммуналдық шығындар мен жұмысшылардың жалақысына ғана жетіп отыр.

Компания осыдан бірнеше жыл бұрын өзін банкрот деп жариялау бойынша сотқа арыз жолдаған. Бірақ, ол талабы қанағаттандырылмады. Бесағаш ауылдық окурігінің әкімі мәселені шешудің жолып таптық, тіпті, жобасын да әзірлеп қойдық дейді.

Ернар Жүнісов, Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

Бесағашты сумен қамту – Оңтүстік» деген жоба жасалған. Ол мемлекеттік сараптамдан өтпей құлап қалған. Неге десеңіз, екі насос стансасында мемлекеттік акт болмаған. Мен оны былтыр жасаттым, қазір қолымдағы барлық құжатпен сараптамаға беріп қойдық. Бір аптаның ішінде бір шешім келеді.

Яғни Бесағаштағы резервуарға Құлжа магистралінен жаңа құбыр тартылмақ. Егер жоба мемлекеттік сараптамадан өтсе, биыл қаражат бөлініп, күзге таман құбыр салу жұмыстары басталмақ. Су құбыры ауданның балансына беріледі, келер жылдың аяғына қарай су тапшылығы толғымен жойылады дейді әкім.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу