Жетісу облысында иесіз қалған үйлер қаңырап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында иесіз қалған үйлер қаңырап тұр

31.05.2023

Жетісу облысының Қабанбай ауылында тұтас бір шағын ауданда көпқабатты үйлер қаңырап бос тұр. Кезінде аудан орталығы болған елді-мекенде екі қабатты 18 үй болса, солардың тең жартысында ешкім тұрмайды. Басым бөлігі 1997 жылы екі ауданды біріктіргенде жұмыссыз қалып, жақсы өмір іздеп, қалаға бас сауғалаған. Жергілікті билік иесіз қалған пәтерлерді заңдастырып, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын қолға алды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қабанбай ауылындағы бұл шағын ауданда дәл осындай 1,2 және 3 бөлмелі ондаған пәтер қаңырап бос тұр. Есік терезесі қирағанымен ең бастысы іргесі мен қабырғасы бүтін. Егер қолға алып, күрделі жөндеу жүргізіп бір кәдеге жаратса баспана кезегінде тұрған біраз азаматтың ең басты мәселесі шешілер еді.

Бұл үйлердің әлі де қолданысқа жарайтындығын осында тұрып жатқан жұрттан ақ аңғаруға болады. Әр үйде бірлі-екілі пәтерде азаматтар өткен ғасырдың 80-шы жылдарынан бері өмір сүріп келе жатқанын айтады. Орталықтандырылған ауыз су, жылу және кәріз жүйесі болмаса да, өз шаңырақтары.

Күләш Ахметова, ауыл тұрғыны:

Қазір қанша адамдар жүр, үйсіз квартира сұрап. Осы үйде біз үш семья тұрамыз. Астында, үстінде. Жағдайын жасаса тұруға болады. Күшті район болған.

Аудан ыдырағаннан кейін ауылдың коммуналдық шаруашылығы да Үшарал қаласына көшірілді. Қазір азын-аулақ техникамен филиалы ғана қалған. Десе де, қаңыраған үйлерді қалпына келтірсе қажетін өтеуге шамамыз жетеді дейді учаске басшысы.

Әбілахат Адамов, «Алакөл су құбыры» КМҚ Үйгентас филиалының басшысы:

Қайтадан өзімізге беретін болса суын, ыстық суын, бәрін қамтамасыз етіп тұрар едік түгел. Ол үшін Коммунхозды Үйгентас су құбырына қайтару керек қой .

Тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін әр пәтерді сот арқылы мемлекет меншігіне қайтару керек. Әкімдік қазір сол жұмысты қолға алған. Алайда баспана иелерін анықтау немесе иесіз деп тану біраз уақытты қажет етеді.

Қайрат Қабдылдаев, Қабанбай ауылдық округінің әкімі:

186 пәтердің 40-50 пәтері анықталып отыр қазіргі таңда иесіз қалған. Мемлекеттік базаға тіркеуге алып, қазір арестке қойып жатырмыз.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша Ресейге көшіп кеткен көршілері қайтып келуге ниетті. Ал Алакөл ауданында қазір баспана кезегінде 1,5 мың адам тұр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу